Аудан әкімі м.а А. Жабағының 30 тамыз Конституция күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі

Аудан әкімі м.а А. Жабағының 30 тамыз Конституция күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі

Б.Момышұлы ауылы                                                            2019 жылдың 29 тамызы

«Достық» МҮ                                                                                          cағ: 11.00

Құрметті Жерлестер!

Сіздерді мемлекетіміздің, халқымыздың ең ұлық мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасы Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын.

«Көптің сөзі-киелі» дейді дана халқымыз. Ел-жұрттың талқысынан өтіп, таңдауына айналған Басты құжатымыздың авторы – бүкіл Қазақстан халқы.

Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.

Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды істер атқардық.

Біз аз уақытта айбары асқан куатты ұлтқа, дәулеті тасыған әлеуетті елге айналдық.

Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты. Еуразияның жүрегіне орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.

Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды.

Конституцияның: «Біз … Қазақстан халқы…» деп басталуы бұл көпұлтты еліміз бірлігінің мызғымас формуласы.

Қазақстан жерінде тұратын барлық азаматтардың теңдігі – біздің Отанымыздың табысты дамуы мен өркендеуінің басты кепілі.

Негізгі заң – бұл әрбір қазақстандықтың әл-ауқатының артуының кепілі.

 

 

Тегін орта білімді, азаматтардың денсаулығын сақтауы, аналар мен балаларға, мүгедектер мен аға ұрпақ өкілдеріне қамқорлықты мемлекет қамтамасыз етеді.

Қымбатты қауым!

Қолданыстағы Конституциямыздың бірауыздан қабылдануы еліміздің тарихындағы өте маңызды оқиға болғандығын төрткүл дүние мойындап отыр.

Қазақстанда конституциялық кұрылыс идеялары өз қайнар көзімен ғасырлар бойы жалғасын тауып келеді.

Олардың қалыптасуына «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты ХV-ХVІІІ ғасырлардың заңдар жинағы маңызды рөл атқарды.

Ел тарихында бес Конституция болған, соның ішінде қазіргі қолданыстағы 1995 жылғы Конституция. Қазақстандағы негізгі заңдар 1926, 1937, 1978 және 1993 жылдары кабылданды.

Жаңа Конституцияның жобасын Тұңғыш президентіміз, Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тікелей басшылығымен арнайы құрылған кеңес әзірледі.

Кеңес жұмысына еліміздің және шетелдердің ғалымдары мен сарапшылары тартылып, көптеген мемлекеттердің қонституциялары зерделенді.

Сонымен қатар Конституция жобасы қоғамда кең талқыланып, азаматтардың мыңдаған ұсыныстары есепке алынды.

1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция елдегі қоғамдық-саяси құрылысты түбегейлі өзгертті. Жаңа Конституция Азия елдеріне тән қасиеттерді есепке ала отырып, еуропалық дәстүрлерді, батыс демократиясының үлгісін де біріктірді.

Құрметті салтанатқа қатысушылар!

АҚШ-та Тәуелсіздік декларациясының авторы Томас Джефферсон, Ал АҚШ Конституциясының атасы Дэвид Мэдисон, Франция Конституциясының дем берушісі және идеологы генерал Шарль де Голь болса, тәуелсіз мемлекет – Қазақстан             Республикасы Конституциясын қабылдаудың ұйымдастырушысы, дем берушісі және авторы Елбасы Н.Назарбаев болғандығы ақиқат.

Жаңа Конституцияның қабылдануымен елдің жаңа даму кезеңі басталды. Нәтижесінде демократиялық институттар жұмыс істеуіне қажетті негізгі жүйе іске асырылды.

Мемлекеттің тұрақты дамуына қажетті басқарудың президенттік нысанын, Парламенттің осы заманғы құрылымын және нақты құрылған билік жүйесін алдық. Біздің Конституция әлемдік қоғамдастықпен нарық экономикасын, азаматтық қоғамның барлық институттарын бекіту арқылы ел дамуының демократиялық жолын қамтамасыз ететін құжат ретінде бағаланды.

 

Құрметті жерлестер!

Сіздерді Конституция күнімен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға баянды бақыт, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін.

 

Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!