Аудан әкімі Н.Ергебековтың 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде сөйлеген сөзі

Аудан әкімі Н.Ергебековтың 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және  ашаршылық құрбандарын  еске алу күнінде сөйлеген сөзі

Құрметті жуалылықтар!

Тәуелсіздік таңы атып, егемен ел болғалы халқымызға қуаныш сыйлаған тарихи маңызы зор шаралар аз өткізілген жоқ. Мұндағы басты мақсат сырға толы тарихымыздың қойнауына тереңірек үніліп, шаң басқан құжаттарды зерттеу. Ұзақ жылдар  бойы «үнсіз» жатқан тарихи құндылықтарды жарыққа шығарып, жас ұрпаққа жеткізу, көпұлтты республикамыздағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту болып табылады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы бойынша 31-мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. «Біз үшін, азат, Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін оларды еске алу және есте сақтау қасиетті парыз» деп Елбасы атап өткендей, қазақ елінің ең сұрапыл қасірет тартқан кезеңі мәңгі жадымызда сақталуы тиіс.

Сол кезеңде халқымыздың басым бөлігі қасаң да қатаң мемлекеттік саясаттың құрбанына айналды. Миллиондаған азаматтар қуғынға түсті.

Кеңес билігінің бастапқы жылдарында аграрлық, көшпелі ел түбегейлі өзгеріске ұшырады. Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Голощекин 1927 жылы «Кіші Қазан» төңкерісін жариялады. Бұл орашолақ саясат жаппай ұжымдастыру мен көшпелі қазақты отырықшылық өмірге бейімделуін талап етті. Оның соңы асыра сілтеуге ұласып, халықтың қолындағы малды тартып алуы салдарынан 1932-33 жылдары Қазақстанда 1,5 миллион адам аштықтан көз жұмды.

Зиялы қауым партия қайраткерлерінің қателігі мен асыра сілтеуін қатты сынға алды. Кеңес билігі азаматтық соғыс жылдарындағы ұлт тәуелсіздігіне белсене қатысқан «Алаш Орда» қозғалысының көптеген қайраткерін тізімге алып отырды. Ахмет Байтұрсынов, Міржақыпов Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов, Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаев сынды 44 арыстарымыз қамауға алынды.

 

Тарихшылардың мәліметі бойынша, 1937-38 жылдары кеңестік Қазақстанда 118 мың адам сотталған. Олардың 25 мыңына ату жазасы кесілген.

Кеңес заманында Қазақстан аумағында ірі еңбекпен түзеу лагері – КарЛАГ жұмыс істеп тұрды. Сондай-ақ АЛЖИР – отанын сатқандардың әйелдері тоғытылған Ақмола лагері болды.

Осы жылдары көптеген ұлт Қазақстанға жаппай қоныс аударылды. 1937 жылы күзде жүз мыңдаған корей, түрік, ирандық, күрд және әзірбайжандар елімізге кеп қоныс тепті.

1986 жылғы желтоқсанда өткен наразалық шеруіне қатысқандар да тәуелсіз Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандары қатарына жатқызылады. Бұл оқиға мемлекеттің саяси өміріндегі демократияның бастауы боп табылады. Өйткені, осыдан бес жылдан кейін тәуелсіз Қазақстан мемлекеттік егемендігін жариялады.

 

Қадірменді көпшілік!

Саяси  қуғын-сүргін  мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен  көз жасына суарылған тарихтың  шерлі беттерінің бірі болып қала бермек. Жазалаушы  жүйе жоғарыда атап көрсеткендей, еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі жерде  борышымыз – осы қаңқұйлы  жылдардың оқиғасы, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі еске сақтау.

Бүгінгі жастарымыз келер ұрпақ еліміздің қиын-қыстау тарихын, небір зорлық-зомбылықты қайыспай көтерген  халқымыздың қайсарлығын біліп өсуі керек. Бұл біздің жарқын болашағымыз үшін қажет.

Назарларыңызға рахмет!