Аудан әкімі Н. Ергебековтың 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде сөйлеген сөзі

Аудан әкімі Н. Ергебековтың 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде сөйлеген сөзі

Құрметті Отан қорғаушылар!

Қымбатты жерлестер!

 

Сіздерді ерлік пен қайсарлықтың мерекесі –                 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және онымен мазмұны, танымы мен тәлімі сабақтас, халықпен біте қайнасып  кеткен 9 мамыр – Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы жылы біз 74-ші бейбітшілік көктемін қарсы алудамыз.

Отанды қорғау қасиетті де қастерлі ұғым. «Ер – елдің қорғаны» деп бағалаған дана жұртымыз ержүрек жандардың істеріне сай сый-құрмет көрсетіп келеді.

7 мамыр – Отан қорғаушы күні. Бұл күн жыл сайын мемлекеттік мереке ретінде аталып өтілуде. Ел  Тәуелсіздігінің тарихымен тамырлас Қазақстан Қарулы Күштері мемлекет тұрақтылығын басты назарға алып, халық тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, қоғам құндылықтарын құрметтеуде өзіне тиесілі міндетті адал атқарып келеді.

Өздеріңізге мәлім, Жуалыдан талай батырлар, генералдар шыққан.

Біз бүгін жерлесіміз, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлымен, сондай-ақ осы өңірден шыққан он бір генералмен мақтанамыз. Соның ішінде Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев та бар. Осындай ағалардың жолын қуып, офицер болуға, жоғары әскери оқу орынына түсуге құлшыныс танытқан жастар бүгінгі таңда ауданымызда өте көп.

Ұлы Отан соғысы тұсында елдік пен ерлік сыналған сол бір сын сәттерде, жуалылық жауынгерлер де ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, ауданнан майданға 5 мыңға жуық ер азамат аттанып, оның жартысынан астамы ұрыс даласында қаза тапқан көрінеді. 1500 жуалылық жауынгер соғыста көрсеткен ерліктері мен батырлықтары үшін КСРО Үкіметінің наградаларына ие болды. Солардың ішінде, полковник Бауыржан Момышұлы, генерал-лейтенант Дмитрий Ковешников, Дмитрий Пахомов, Владимир Вишневецкий, Федор Кердань Кеңес Одағының Батыры, ал Тайыр Тастандиев «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Сөйтіп жуалылық батырлар саны алтыға жетті.

Біз олардың кешегі қан майданда толарсақтан саз кешіп, қар жамылып, мұз жастанып, сол кездегі ортақ Отанымыздың әрбір сынық сүйемі үшін жан алысып, жан берісіп, қаһармандық пен ерліктің өшпес үлгісін көрсеткендерін мақтан тұтамыз. Миллиондаған адамдардың өмірін жалмап кеткен сұм соғыста майдангер әкелеріміз бен аналарымыздың теңдессіз ерліктері ешқашан ұмытылмақ емес.

Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі – келешек ұрпағының жарқын келешегі жолында арпалысқан баһадүр ата-бабаларымыздың ерлігінің жемісі. Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Сондықтан, осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.

1979 жылы ауған жерінде кеңес әскерінің шектеулі контингенті кіргізілуімен басталып, бақандай он жылға созылған кеңес-ауған соғысы да елімізге салмағын аз салмағаны белгілі. Міне, осы «құпия соғысқа» да Жуалы топырағынан жүз отызға тарта азамат қатысып, жат жерде ерлікпен шайқасты. Жұмабек Оразбаев, Виктор Латикант,                 Нұрлыбек Замбаев сол соғыста шаһит болды. Бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Қарулы Күштерін құруға, оның бас штабын басқарып, «Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық ұйымына» төраға болған, жерлесіміз, генерал-лейтенант, «Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаев пен әділет генералы Ғабит Миразов та сол соғыстың отында шыңдалды. Елдік пен ерліктің өнегелі үлгісін көрсеткен, сұрапыл жылдарда қайсарлық танытқан азаматтарын халқымыз ешқашан ұмытпақ емес.

Құрметті жерлестер!

Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан! Ал, Отанды қорғау қашанда қасиетті де қастерлі парыз.                                                            Сондықтан баршаларыңызды қатар келіп отырған Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.

Сіздерге мықты денсаулық, бақыт пен татулық, әрбір шаңыраққа ырыс-береке тілеймін! Ержүрек ерлеріміздің бұл мерекесі елімізге әрдайым қуаныш пен бейбіт күн әкелсін. Аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз баянды болсын.