Аудан әкімі Н.Ергебековтың 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінде сөйлейтін сөзі

Аудан әкімі Н.Ергебековтың 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінде сөйлейтін сөзі

 

Құрметті соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері!

Қымбатты жерлестер!

9 мамыр – майдангерлер мен тылда қажырлылықпен еңбек еткендердің жанқияр ерлігі мен еңселі елдік рухының, қайсарлығының жемісі.

Биыл біз Ұлы Жеңіс мерекесін 74-ші рет қарсы алып отырмыз. Бұл Жеңіс халқымыздың қажымас қайратының, батыр бабаларымыздың ерлігі мен еңбегінің арқасында келді. Қасиетті де қастерлі Отаны үшін жанын беріп, өмірін қиған азамататтарды жыл сайын еске алып, олардың  рухына тағзым ету – біздің, кейінгі ұрпақтың ең басты парызы. Сұрапыл жылдары майданға елімізден 1,5 млн-ға жуық адам шақыртылып, 600 000-нан астам қазақстандық қаза тапты. Қазақ жерінен 12 атқыштар дивизиясы, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50 жеке полктар құрылды.

Ата-бабаларымыздың ізін жалғап, біздің жерлестеріміз ерліктің үлгісін әлемге паш етті.      528 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанып, 110 000 адам Даңқ орденінің иегері атануы – осының айқын дәлелі. Олардың ішінде, Кеңес Одағының 2 дүркін батырлары ұшқыштар Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Сергей Луганский және Иван Павловтар бар. Сондай-ақ, жауынгер-жазушылар, Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, батыр-аруларымыз Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметовалардың ерлігі бір төбе.

Елдік пен ерлік сыналған сол бір сын сәттерде, біздің ауданнан майданға 5 мыңға жуық ер азамат аттанып, оның жартысынан астамы ұрыс даласында қаза тапқан көрінеді. 1500 жуалылық жауынгер соғыста көрсеткен ерліктері мен батырлықтары үшін Кеңес Үкіметінің жоғарғы наградаларына ие болды. Солардың ішінде генерал-лейтенант Дмитрий Ковешников, Дмитрий Пахомов, Владимир Вишневецкий,                    Федор Кердань Кеңес Одағының Батыры, ал Тайыр Тастандиев «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.

Ал қатардағы жауынгер Төрен Сейтаев пен Ипполит Шаповалов 1945 жылғы Жеңіс шеруіне қатысқан еді.

Бүгінгі күні сол майданда қан кешкен ардагерлеріміздің қатары сиреп, Николай Лебединский мен Шәріпбай Ақжолов аталарымыз ортамызда жүр.

Жерлестеріміздің майдандағы ерліктері бүгінде елге – үлгі, ұрпаққа – ұран болып отыр. Олар майдан шептерінде ерлікпен шайқасты, Брест қамалын қорғады, Мәскеу түбінде басқыншы жаудың жолын бөгеді, Украинаны, Белоруссияны, Кавказды, Қырымды, Прибалтиканы, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария республикаларының жерін жаудан азат етіп, жау ордасы – Берлинді шабуылмен алуға дейінгі майдан жолдарынан өтті.

Туған отанының бостандығы мен азаттығы үшін небір қиындыққа төзіп, Ұлы Жеңіске                                      қол жеткізген майдангерлерден қалыспай,                                  қажырлылықпен еңбек еткен тыл еңбеккерлерінің де ерлігі орасан. Сол жылдарда аудан еңбеккерлері де «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен бел шешпей еңбек етіп, астықтан мол өнім алды, мал өнімдерін де еселеп арттыруға қол жеткізді. Ел болып, жұрт болып жинаған қаржыларын танк, ұшақ жасау қорына жөнелткені бізге мәлім.

Қадірменді көпшілік!

Бүгінде мемлекет тарапынан ардагерлерге деген қамқорлық аясы арта түсті. Ардагерлердің майданда көрсеткен ерлігі мен бейбіт өмірдегі жанқиярлық еңбегі жас ұрпаққа үлгі, олардың өмірге деген құштарлығы қоғамдағы жасампаз рухтың арқауы болып қала бермек.

Баршаңызды еліміздің Ұлы мерекесі – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға мықты денсаулық, сәттілік пен табыс тілеймін.