Аудан әкімі Н. Ергебековтың М.Рысдәулеттің 70 жас мерейтойында сөйлеген сөзі

Аудан әкімі  Н. Ергебековтың

М.Рысдәулеттің 70 жас мерейтойында сөйлеген сөзі

Б. Момышұлы ауылы                                                                               30 мамыр 2019 жыл

сағ: 16.00

Құрметті Мақұлбек Қайыпбекұлы!

 

Сізді мағыналы ғұмырыңыздың жарқын белесі – 70 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Тарихтың терең қатпарынан сыр шертетін, қойнауы құт-берекеге тұнған, киелі өлке, ырысты-ынтымақты мекен жұлдызы биік Жуалы өңірі халқымыздың талай айтулы тұлғаларын бесігінде тербеткен. Көпшілікке біздің жасампаз өлкеміз генералдар, батырлар мен ақындар, еселі еңбеккерлер елі ретінде де жақсы таныс. Осы қасиет қонған топырақтан шыққан асыл перзенттеріміз бұл күнде әр салада ұлтына адал қызмет етіп, абырой тұғырынан көрініп жүр, көріне де береді. Соның бірі де бірегейі ретінде баспасөз және көркемсөз әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар қарымды журналист Сіздің есіміңізді де атауға әбден лайық.

Сіздің балалық шағыңыз сұм соғыстан кейінгі бүлінген шаруашылықтарды қалпына келтіру кезеңіне тұс келіп, қаршадайыңыздан ауыр еңбекке аралстыңыз.

Бұл сіздің үлкен өмірге жігеріңізді жанып, талабыңызды шыңдай түсті. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін бірер жылдай колхозда еңбек еттіңіз. Өзіңіздің жүрек қалауымен таңдаған ыстығы мен суығы қабат жүретін, Шерағаңша айтқанда, «жегені жантақ, арқалағаны алтын» журналист мамандығын Қазақ мемлекеттік университетінің қабырғасында алып, жолдамамен Арқа төсіндегі Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетіне жұмысқа орналастыңыз. Мұнда жұмыс істеген жылдар Сіздің қаламыңыздың ұшталып, кәсіпқой маман болып қалыптасуыңызға көп септігін тигізді.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарынан бастап республикалық «Халық кеңесі», «Заң газеті», қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып табаны күректей 15 жыл еңбек еттіңіз.

Сол тұста баспасөз беттерінде облыстың экономикасы мен мәдениеті, әлеуметтік тұрмысы мен проблемалары туралы батыл қалам тербеп, Талас газ кен орнын игерудің Отан игілігін еселей түсетінін дәлелдей білдіңіз.

Кейінгі жылдары облыстың бас басылымы – «Ақ жол» газетіне басшылық еттіңіз.

Кәсіпке адалдық қасиетіңізді берік ұстанған Сіз қырық жылдан астам қазақ баспасөзінің қара қазанында қайнай жүріп, кемеліне толысқан суреткер болып қалыптастыңыз, құнды туындыларды дүниеге әкелдіңіз. Сіздің қаламыңыздан туған «Жұлдыздың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Жұлдызды өмір», «Ту ұстаушы», «Тарих тамырлары» және тағысын тағы шығармаларға   тарихқа құрметпен қарау, ұрпақ сабақтастығы, атамекен, табиғатқа, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік, имандылық, ізгілік, патриоттық тақырыптары арқау болып,  туған жердің тарихын, әр сайы мен шоқысын, қырқасы мен өзенін шебер суреттей білдіңіз.

Қарымды қаламгерлігіңізбен қатар қоғамдық жұмысқа да белсене араласа жүріп, облыстық ақпарат-насихат тобының, облыстық ономастика, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Мирас» комиссиялары жұмысының жандануына тікелей ықпал еттіңіз.

Тәуелсіз мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне сіңірген еселі еңбегіңіз ескерусіз қалған жоқ. «Құрмет» орденімен,                                Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10, 25 жылдығы, «Астанаға – 10 жыл» медальдарымен марапатталып, Талас және Жуалы аудандарының Құрметті азаматы атандыңыз.

 

Құрметті Мақұлбек Қайыпбекұлы!

Сіздің жетпіс жылдық мерейтойыңызбен тағы да құттықтай отырып, деніңізге саулық, баянды бақыт пен ұзақ ғұмыр, шаңырағыңызға шаттық, құт-береке тілеймін.