Аудан әкімі Н. Ергебековтың оқу жылының басталуына орай салтанатты жиналысысында сөйлеген құттықтау сөз.

Аудан әкімі Н. Ергебековтың оқу жылының басталуына орай салтанатты жиналысысында сөйлеген құттықтау сөз.

Б.Момышұлы  ауылы                                                                №1 МГ

       1 қыркүйек 2019 ж                                                                          Сағ: 10.00

Құрметті ұстаздар, ата-аналар және мектеп оқушылары!

       Барлықтарыңызды, бүгіннен бастау алған жаңа оқу жылының ашылу салтанатымен құттықтаймын.

Қазіргі сәтте аудандағы 40 жалпы білім беретін мектептерде жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауы соғылып, бүгіннен бастап 11586 оқушы оқу жылын бастағалы отыр. Ал 1144 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттаса, оның 188 оқушысы сіздердің мектептеріңізде.

Еліміздің бақытты болашағын қамтамасыз ету – мектеп ұстаздары мен оқушылардың бірлескен шығармашылық қызметіне байланысты.

Жуалылық жас жеткіншектердің сапалы білім мен саналы тәрбие алуын іске асыратын 1719 мұғалім болса, осы мектепте 158 ұстаз қажырлы еңбек етеді.

Өткен 2018 – 2019 оқу жылында, аудан бойынша 11 сыныпты 791 оқушы аяқтап, олардың 38-і «Алтын белгі» төс белгісіне, 36-сы «Үздік атестат» иегері болған.

Жалпы аудан бойынша тестілеудің орташа балы 97,5 пайызды құрап отыр.

№1 мектеп гимназиясының  педагогикалық ұжымы мен оқушыларының жетістіктері де атап айтарлықтай дәрежеде болды. Қуантарлық жағдай, мектеп бітіруші 82 баланың 75-і ұлттық біріңғай тестке қатысып, 53 бала 100 балдан жоғары көрсеткіш көрсеткен. Оның ішінде Мұратаева Амина аудан бойынша ең жоғарғы 137 балл иеленген. Бұл ұстаздардың көп жылғы қажырлы еңбегінің жемісі екені даусыз.

Балаларды біліммен сусындатып, тәрбие беруде шығармашылықпен еңбек етіп жүрген ұстаздарымыз, психология пәнінің мұғалімі Ускенбаев Мира Аманжолқызына, математика пәнінің мұғалімі Саламатская Ольга Васильевнаға, музыка пәнінің мұғалімі Нұрманова Баян Кудашовнаға және т.б. шәкірттері тиянақты білімдерін көрсетіп жүрген ұстаздарға алғысымды айтқым келеді.

Құрметті ұстаздар!

Өздеріңізге мәлім жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Bіlіm jáne Ǵylym!» атты тамыз конференциясына қатысқан болатын.

Ол өз сөзін : «Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді»-деп бастады.

Президент баяндамасында білім сапасын көтеру үшін кешенді шаралар қабылдау, тәрбие мен білімді ұштастыру мәселесі, дуалды оқыту, түлектерді жұмыспен қамту, үшауысымды мектептердің мәселесін шешу, үштілділді білім беру мәселелерін қозғады. Ең бастысы, ұлттың бәсекеге қабілетті болуы үшін ұстаздардың мәртебесі биік болуы қажет екенін баса айтты.

Ол үшін «Ұстаз мәртебесі туралы» заң жобасы қабылданып, онда мұғалімдердің жүктемесінің азайтылуы, ары мен намысының толық қорғалуы және әлеуметтік қолдау шараларын қабылдау жайы нақтыланған. Сондай-ақ, Үкіметке алдағы 4 жылда айлық жалақыны 2 есе өсіруді жүктеді.

Бұл мемлекеттің ең ұлық мамандық-ұстаздарға қамқорлығының анық көрінісі.

                       Қадірлі оқушылар!

Қазақстан жастарының әлемдегі танымал атақты оқу орындарында білім алуы үшін Елбасымыз «Болашақ» бағдарламасы арқылы жыл сайын жүздеген жастарды шетелге оқуға жіберіп отыр.

Сол жастардың қатарында біздің ауданның, осы мектептің де түлектері қосылар деген үміттемін.

Бүгінде жастарымыздың рухани толысуы, өзін-өзі дамыта алуы аса маңызды.

Мәселен, Елбасының Ұлт жоспарында білім саласын дамытудың нақты қадамдарын белгілеп берсе, «Рухани жаңғыру» мақаласында халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қатпарлы тарихына қашалған дәстүріміз, ұлттық салт-санамызды қайтадан жаңғырту, адами қасиетімізді жетілдіре түсу мәселелеріне тоқталды.

Жұрттың бәрі қазір компьютер қарайды, балалардың кітап оқуға уақыты жоқ деп жатамыз. Тіптен, олай емес. Кітап – үлкен қазына. Ақыл-ойдың бәрі де кітапта жазылады.

Көркем әдебиетті оқымаса, баланың               ой – санасы қалай дамиды?        Абайды, Мұхтар Әуезовті оқымаған адам, классикалық шығармаларға қызықпаған адам, толыққанды тұлға бола алмайды. Ауыл, мектеп кітапханалары жұмысты жандандыруы қажет. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осы мақсатты көздейді.

Құрметті жиналған қауым!

Сіздерді Білім күнімен тағы да шын жүрегімнен құттықтап, оқушыларымыздың терең біліммен сусындап, озаттар қатарында болуын тілеймін. Бала тәрбиесі жолындағы ұстаздарымыздың шығармашылық табысы арта берсін. Барлықтарыңыздың дендеріңіз сау болып, жүздеріңізден қуаныш белгісі кетпесін, бақытты болыңыздар!

Жаңа оқу жылында жарқын жетістіктер тілеймін.