Аудан әкімі Н.Ергебековтың Спорт күні мерекесіне орай өткізілген іс-шарада сөйлейтін сөзі 17.08.2019ж.

Аудан әкімі Н.Ергебековтың Спорт күні мерекесіне орай өткізілген іс-шарада  сөйлейтін сөзі

17.08.2019ж.

 

Құрметті спорт сүйер қауым!

Баршаңызды Қазақстан Республикасының Спорт күні мерекесімен құттықтаймын! Барлығыңызға мәлім, елімізде спорт күні Қазақстан Республикасы Президентінің            2003 жылдың 15 қарашасындағы Жарлығына сәйкес тамыз айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін түсініп, оны басты байлыққа санаған. Дені сау ұлт-бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту- мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Елбасы 2018 жылғы                    5 қазандағы Жолдауында өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажеттілігі аталып өтті. Сондықтан елімізде, оның ішінде біздің ауданымызда да спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт ғимараттарының жүйесі кеңеюде.

Бүгінде ауданда жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі жалпы халықтың               29,6 пайызын құрап отыр. Ауданда барлығы       112 спорт нысаны болса, олардың барлығы дерлік ауыл тұрғындарына спортпен айналысуына қолжетімді. 2018 жылы төрт (Шақпақ, Билікөл, Ақтөбе, Қарасаз) ауылдық округте шығынды аз талап ететін «Street Workout» спорт алаңшалары салынса, алдағы уақытта 7 округтен осындай «Street Workout» алаңшалары, Б.Момышұлы ауылынан спорт кешенін, Жетітөбе және Ақсай ауылдық округтерінен жаттығу залдарын, Нұрлыкент ауылынан жазғы спорт алаңшасын салу жоспарланып отыр. Спорт-елдің мерейін өсіріп, абыройын асқақтататын сала. Ауданымызда спорт саласында облыстық деңгейде ғана емес, республикалық, халықаралық дәрежеде  жетістікке жетіп, абырой биігінен көрініп жүрген азаматтарымыз бен азаматшаларымыз баршылық.

 

Солардың ішінде,  Америка Құрама Штатының Лос Анджелес қаласында кәсіби бокстан өнер көрсеткен Рахманқұл Сағадатты, дзюдодан жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатына жолдама ұтып алған Дәулет Шапағат пен Рақышев Қазбекті, жасөспірімдер арасында Дубайда ағымдағы жылдың қазан айында өтетін Азия біріншілігіне жолдама ұтып алған Анжелика Цойды атап өтуге болады. Солардың ішінде, шоқтығы биік, ең басты жұлдызымыз Токиода өтетін Олимпиадада еліміздің намысын қорғайтын боксшымыз Әбілхан Аманқұлға үлкен үміт артып отырмыз.

Қадірменді спортшылар мен спорт ардагерлері!

        Сіздерді тағы да кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасылық бақыт және жаңа спорт белестерін бағындыруға  тілектеспін! Ауданымыздың спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта берсін!

Тыңдағандарыңызға рахмет!