Аудан әкімінің «Жаңа өмір» газетінің 85 жылдық мерейлі тойында сөйлеген құттықтау сөзі

Аудан әкімінің «Жаңа өмір» газетінің 85 жылдық мерейлі тойында сөйлеген

құттықтау сөзі

 

Құрметті жұлдызы биік жуалылықтар!

Қадірлі қаламгерлер!

Ең алдымен Сіздерді аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің 85 жылдық мерейлі тойымен шын жүректен құттықтаймын.

Жуалы жұртшылығы былтырғы жылы ауданның құрылғанына 90 жыл толған торқалы тойын кеңінен атап өтсе, биылғы жыл ауданның қоғамдық өмірі қасиетті өлкенің қарт шежірешісі саналатын «Жаңа өмір» басылымының 85 жылдық мерекесімен айшықталып отыр.

Шын мәнінде аудандық газетті ауданның өткен тарихын, халықтың тұрмысын, айтулы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын тасқа басып, келешек ұрпаққа қалдырып келе жатқан үлкен шежірелі көмбе деп атасақ артық етпейді. «Қаламгерлер – табанды ерлер» демекші, аудандық газеттің осынау қара шаңырағында жұлдызы биік өлкеден түлеген қайраткер жазушылар Құрманбек Сағындықов, Бақытжан Момышұлы, сонымен бірге қазіргі таңда қалың елге танымал қаламы қарымды журналист-жазушылардың үлкен шоғыры жұмыс істегені белгілі. «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ»,- деп Халық жазушысы, қазақ көсемсөзінің көрнекті өкілі, редакторлардың редакторы болған Шерхан Мұртаза жазып қалдырғандай, аудандық «Жаңа өмір» газеті жуалылық жұртшылықтың талай буынын тәрбиелеп, жергілікті халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін абыроймен атқарып келеді. Алдағы уақытта да қаламгерлердің бірнеше буынын түлете береді деген үлкен сенім білдіремін.

«Елді ояту үшін, тарихты ояту керек»,- деп қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков айтқандай, бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың  дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек. Сондықтан Жуалы ауданымен бірге жасасып келе жатқан сүйікті төл басылымымыз – «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газеті өзінің 85 жылдық тарихында ел мен жердің, ортақ Отанымыздың гүлденуіне, ұлттық болмысымыз бен ұлттық құндылықтарымыздың ұмытылмауына аянбай қызмет етіп, еңбек сіңіріп келеді.

Тарихты қашан да тұлғалар жасайтыны белгілі. Осы орайда Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатов: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты»,-  деген сөзді айтқанда қаламгерлердің қарымы, баспасөздің ел өмірінде алатын маңызды орнын меңзегені белгілі. Осы орайда аудандық газеттің қызметкерлері өңір экономикасының қазіргі ахуалы, Елбасының халыққа арнаған Жолдауларына сәйкес атқарылып отырған істер, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, білім, денсаулық, мәдениет салаларындағы оң өзгерістерді жұртшылыққа шынайы және әділетті түрде жеткізіп келеді.

Сондықтан жуалылық журналистердің алдағы уақытта да жасампаз жұмыстардың жаршысы, ел игілігі мен ырысын еселей беретініне сеніміміз мол.

Аудан тарапынан «Жаңа өмір» газетіне қолдау тоқтаған емес. Жыл сайынғы қаржыландыру көлемі де ұлғаюда. Жақын арада редакцияны автокөлікпен қамтамасыз етуді де жоспарлап отырған аудан әкімінің сәлемдемесін жеткізгім келеді.

Қадірменді көпшілік!

«Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газетінің ұжымын мерейтоймен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, қаламның құдіретті қуатын тілеймін.

Әрдайым шығармашылық табыстың көкжиегінен көріне беріңіздер!