Рәміздер күні сөйлеген сөзі

Рәміздер күні сөйлеген сөзі

 

Құрметті жерлестер!

 

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ елі жиырмасыншы ғасырдың соңында тарих сахнасында тағы бір жарқ етті. Еліміз өз түтінін өзі түтетуге жол ашқан тәуелсіздікке қол жеткізу тарихының бір тарауы ретінде –  төл рәміздерін бекітті.

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.

1992 жылдың 4 маусым күні – ел тарихындағы ерекше мәртебелі күн. Бұл күні тағы да елдігіміз сынға түсті. Ертеңіміз үшін жан беріп, жан алысқан парламенттік дода қызу талқыға айналды. 60-тан астам депутат өздерінің пікірлерін білдірді.

Нәтижесінде қабылданған қыран бейнелі көкшулан туымыз (авторы – Шәкен Ниязбеков), басқаға ұқсамайтын шаңырақ шырайлы шын дара елтаңбамыз (авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан), әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні дүние есігін ашты.

Олар тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін тарихымыздағы тұңғыш ресми белгілерге айналды.

Осы күні Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды.

6 маусым күні Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрының әсем ғимаратында тәуелсіз еліміздің тұңғыш мемлекеттік рәміздерінің тұсаукесер салтанаты өтіп, жер-жаһанға жария етілді. Президент сарайы мен Парламент үйінің төбесіне Мемлекеттік Ту көтерілді. Елтаңба орнықты, егемен ел аспанында әнұран әуені асқақтады.

Міне, сол жұлдызды күндерден бері                        4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні ретінде тарихымыздың алтын беттерінен орын алды.

Ардақты ағайын!

Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай бергей!
Еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыз әркез биікте болсын!