Жуалы ауданының әкімі Б.Көпбосыновтың 6 шілде Астана күніне орай өткізілген салтанатты жиында сөйлеген СӨЗІ

Жуалы ауданының әкімі Б.Көпбосыновтың

 6 шілде Астана күніне орай өткізілген

салтанатты жиында сөйлеген сөзі

Қымбатты аудан тұрғындары!

Сіздерді Елордамыз-Астана қаласының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл елдік пен бірлікті басты басты мұраты етіп таңдаған барша Қазақстан халқы мен Отанымыздың әрбір азаматы үшін зор қоғамдық-саяси мәні бар ерекше мереке.

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз», деп атап көрсетті

Ұлт көшбасшысы-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігі мен батылдығының, халқымыздың тәуекелшіл қайсарлығының арқасында бой көтерген елорда бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның айбарына айналды.

Елордамыз 20 жыл ішінде Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің экономикалық, саяси және рухани орталығына, өркениеттің сындарлы пікірталас алаңына, ынтымақтастық пен жаһандық қауіпсіздіктің негізгі бағыттарын анықтайтын орынға айналды.

Астанамызда Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, VII Қысқы Азия ойындары, Ислам әріптестік ұйымының форумы, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері сияқты өзекті саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени мәслелер талқыға түскен ірі халықаралық кездесулердің өткізілуі оған айқын айғақ болып табылады.

Ертеңі бүгінгіден де кемел әрі жарқын Елордаға барша қазақстандықтар үкілі үмітпен қараса, күллі әлем қызыға көз тігуде. Былтыр ғана Астана төрінде өткен «Астана ЭКСПО-2017» болашақ энергиясы халықаралық мамандандырылған көрмесі арқылы дүниежүзіне еліміздің келешегі кемеле, әлеуеті қуатты мемлекет екенімізді таныттық.

Халықаралық көрмелер бюросы Бас хатшысының берген бағасы бойынша «соңғы 25 жыл ішіндегі ең тамаша көрме» ретінде асқан ұйымшылдықпен өткізуі елордамыз – Астананың әлемдік аренадағы абыройын одан әрі асқақтата түсті.

 

Құрметті жиналған қауым!

Астана – Қазақстан тәуелсіз­дігінің тұғыры. Еліміздің елордасы Ақмолаға қоныс аударғаннан бергі өткен 20 жыл мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, территориясының мызғымастай беріктігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз еткен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрыс кезең болып табылады. Жиырма жыл ішінде Астана Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталыққа айналды. Астананың алдағы уақытта да сән-салтанаты артып, мәдени, экономикалық тұрғыдан дами түсуіне барша ел тұрғындары сеніммен қарайды.

 

Құрметті Жуалылықтар!

Астананың мерейлі тойына біздің ауданымыздың да қосқан үлесі мақтанарлықтай деп айтуға болады. Әрбір күні берекелі де мерекелі өңіріміздің күннен күнге көркеюі, әлеуметтік-экономикалық дамуы көз алдарыңызда. Алға қойған жоспарларымызды, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа міндеттерді орындауға жұмыла кірісіп, бел шеше жұмыс істейтін боламыз.

Күллі қазақ баласының арманын ту етіп тіккен Сарыарқаның төріндегі ару Астананың мерейтойы құтты болсын! Шуақты мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасылық бақыт, ізгілікті істеріңізге табыстар тілеймін!
Ұлт келбетіне айналған Елордамыз күннен-күнге көркейіп, беделі асқақтай  берсін!
Мереке құтты болсын!

 

Назарларыңызға рахмет!