Жуалы ауданының әкімі Б. Көпбосыновтың Наурыз мерекесінде сөйлеген сөзі

Жуалы ауданының әкімі Б. Көпбосыновтың Наурыз мерекесінде сөйлеген сөзі

 

Бауыржан Момышұлы ауылы                                                                                                 2018 жылдың 21 наурызы

 

Қымбатты жуалылықтар!

Сіздерді көктемнің жарқын мерекесі – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Халқымыз ежелден жыл басына санаған, Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы – шын мәнінде елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі. Табиғат заңдылығымен жыл басы болып, жақсылықтың жаршысына айналған Наурыз мерекесі адамзат тарихымен бірге жасап келеді.

Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, бұл ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Тарихтың талай бұралаң жолдарынан өткен тағдырлы халқымыз қандай кезеңде болса да Наурызды жадынан шығарған емес.

Ақ пейіл жұртымыз қашанда Ұлыстың ұлы күнін ақ дастархан жайып, ақ тілекпен қарсы алған, елдің тыныштығын, халықтың ынтымағын тілеген. Көптен көрмеген ағайын есендесіп, шаруа жайын сұрасқан, араздасқандар болса, өкпе-реніштерін ұмытып, қайта татуласқан.

Бұл күні бұлақ көзін ашып, шыбық қадаған, көршісіне көмек беріп, сауапты ізгі істермен айналысқан.

Міне, жыл басын бабалар үрдісіне сай лайықты қарсы алу мақсатында биыл өңірімізде халқымыздың көнеден келе жатқан наурызнама салт-дәстүрлерін заманауи үлгіде қайта жаңыртуға бағытталған шаралар қолға алынды. Мереке алдындағы аптаның әр күніне ұлтымыздың жанына жақын ізгілікті, бауырмалдықты паш ететін атаулар беріліп, мейрамның ізгі мәнін аша түсу үшін күн сайын мерекелік, қайырымдылық шаралар ұйымдастырылуда.

Қадірменді көпшілік!

Біздің еліміздің экономикасы жылдан жылға өркендеп, халқымыздың әлеуметтік-тұрмыстық        жағдайы         жақсарып келеді.  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларында қойылған ауқымды мәселелер шешімін тауып, тәуелсіз, егеменді еліміздің іргетасын нығайта түсуде.

Елбасының үстіміздегі жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында жасампаз ел-жұртымыздың алдына қуатты экономикалық серпіліс жасап, жаңа кәсіпорындар тұрғызу, энергетикалық қуатымызды арттыру, барлық салаларда өндіріске жаңа технологияларды батыл ендіріп, сапалы өсімге қол жеткізу міндеттері қойылып отыр. Еліміздің сенімді тірегі болуға тиісті отандық бизнес үшін мол мүмкіндік айқара ашылуда. Экономиканы мықтырақ, ал тұрмысты бұдан да жарқынырақ ететін осы міндеттерді орындауға аудан халқы да белсене жұмылу үстінде.

Ардақты ағайын!

 

Биыл Елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтеміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу туралы өкімін жариялады. Елбасы Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған бас қаламыздың мерейлі мерекесін дайындау және өткізу мақсатында «Ел жүрегі – Астана» тұжырымдамасы жасалды.

Әлем картасында лайықты орын алған Астанамыз бүгінде әлем жұртшылығын аузына қаратқан айшықты қалаға айналды.

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Ендеше, бүгінде қазақ елінің елордасы болуымен қатар халықаралық алқалы жиындардың да ордасына айналған Астанамыздың мерейі тасып, беделі асқақтай берсін деп тілейік!

Қадірлі қауым!

Міне, Наурыз мерекесімен бірге шуағын молынан төгіп, көктем де жетті.                                 Қар құрсауынан босаған Табиғат-Ана бусанып, жасарып тұр.

Бұйыртса, дала төсінің дүбірге бөленер шағы да алыс емес. Бұл дегеніңіз диқан қауымның ел ырыздығын молайту жолындағы дамылсыз еңбегі басталады деген сөз. Бұл күні айнала-төңіректі тазартып, абаттандырып, бұлақ көздерін ашып, ата-баба салтымен шыбық шаншуды да естен шығармайық.

Наурыз күні ойға алған барлық арман-мұраттарыңыз орындалып, үміттеріңіз ақталуға жазсын!

Сіздерді Көктем мен қайта жаңғырудың тамаша мерекесімен тағы да құттықтаймын. Наурыз мейрамы шаңырақтарыңызга қуаныш, бақыт және ізгі үміттер әкеліп, мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ сыйласын.

 

Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!