Жуалы ауданының әкімі Н.Ергебековтың Елікбай Исаның шығармашылық кешінде сөйлеген сөзі

Жуалы ауданының әкімі Н.Ергебековтың Елікбай Исаның шығармашылық кешінде сөйлеген сөзі

Құрметті аудан тұрғындары!

        Бүгін біз текті өнердің төрінде жүрген термеші Елікбай ағамыздың 60 жас мерейтойына арналған «Қазыналы Қаратау» атты  шығармашылық кешіне жиналып отырмыз. Кештің бұлай аталуы да бекер емес. Жерлесіміз талай жылдан бері қазақ өнер тарихында ерекше орын алатын Қаратау өңірінің жыр-термесін қайта жаңғыртуды қолға алып келеді. Сол жолда жеткен табыстары да толағай.

Жуалы аудандық мәдениет үйінде қызмет атқарған жылдары, аудандағы «Қызғалдақ» ансамбілінің жұмысы жаңа көркемдік деңгейге көтерілді. Ансамбль өз бағдарламасын күнбе-күн жаңғыртып тұрды. Сол кезеңдердің өзінде Елікбай Қырғызбайұлы облыстық байқауларда алдыңғы қатарда болып, жеке шығармашылық концертін беріп үлгерді.

Ал 1998 жылы біздің өңірге сапармен келген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өнеріңізді бағалап, өзі қолқалап Астанаға шақырғанын бірі білсе, бірі біле бермейді.

Содан бері төл өнеріміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келесіз.

Құрметті Елікбай Қырғызбайұлы!

Сіздің «Қарындасыма», «Таразым», «Сен бар жерде», «Анама», «Балама», «Туған жерім Жуалы», «Қайыпназар ұстазыма», «Жуалыға арнау» атты әндеріңіз халық арасында кең тараған. Бір ғана «Ана өсиеті» атты термеңіздің тәрбиелік және тағылымдық мәнінің жоғары болуын – әр қазақтың оны жатқа білуінен байқауға болады. Тіпті бұл термені әр жастың ұялы телефонынан да құлағымыз шалып жүргені ақиқат.

Өнердің қызығы мен қиындығы қатар жүретін жолында шәкірт тәрбиелеп,  талай додаларда топ жарған жастарды тәрбиелеп шығардыңыз.

Сөз соңында Сізге және сіздің отбасыңызға амандық, шығармашылық табыстар мен үлкен жеңістер тілеймін. Шәкірттеріңізбен мың жасай беріңіз,аға!