Аудан әкімінің Ұстаздар мерекесіне арналған құттықтау сөзі

Аудан әкімінің

Ұстаздар мерекесіне арналған құттықтау сөзі

 

Құрметті ұстаздар қауымы!

 

Сіздерді барша адамзат құрмет көрсетіп, тағзым ететін  –  мұғалімдер мерекесімен құттықтаймын!

Өздеріңізге белгілі Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында білім саласына ерекше назар аударды. Шикізатқа байланған экономикадан бас тартып, білім экономикасына қадам басудың маңыздылығына тоқталды. Елімізде жыл сайын 21 мың түлек жоғары оқу орындарына түсе алмай, жұмыссыздар қатарын ұлғайтып отырғаны жасырын емес.

Мұның алдын-алудың жолы – оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз. Бұл дегеніміз әр оқушының кәсіби бағдары мен бағыты мектеп табалдырығында айқындалып, мамандық таңдауы нақтылана түседі деген сөз.

Өткен оқу жылында аудан ұстаздарының жемісті еңбегінің нәтижесінде біз жоғарғы көрсеткіштерді бағындыра алдық. Аудан бойынша 11 сыныпты                  791 оқушы аяқтап, 750-і ұлттық біріңғай тестілеуге қатысты.

Олардың 38-і «Алтын белгі» төс белгісі және 36 үздік аттестат иегері атанып,  жалпы  74 иегердің 64-і ұлттық біріңғай тест   нәтижесі бойынша  100-ден жоғары балл жинады. ҰБТ-ға қатысқан 750 баланың 100 – ден жоғары балл жинағаны 436 оқушы болып, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 13,5 пайызға артты.

Заман талабына сай біз білім саласын цифрландыру жұмыстарын жалғастыруымыз қажет. Осы бағытта 2018 жылы №15 мектеп-лицейіне, биыл №1 мектеп-гимназиясы мен №25 Ақтөбе тірек мектебіне демеуші есебінен 2 IT-сыныптар ашылды. Алдағы уақытта үнемделген қаражат есебінен тағы да 1 мектептен осындай сынып ашылатын болады. Одан бөлек, барлық мектеп кең арналы интернет желісіне қосылып, вайфай байланысы орнатылған. «Күнделік жүйесіне», «Білімлэнд» платформасына 39 мектеп кіріп, ата-ана – мұғалім – оқушы арасындағы байланыс нығаюда.

 

Қадірменді көпшілік!

Ертеде ежелгі Грек ойшылы Сократтың шәкірті болған философ Аристипосқа бір кісі баласын ертіп келіпті. Философтан бала тәрбиесімен айналысып, оған білгендерін үйретуді сұрайды.

«Әрине» дейді философ, «бірақ баланы шәкірттікке алғаным үшін 1000 алтын сұраймын!»- дейді. Баланың әкесі шошып «Немене?! Мың алтын ба?! Одан да мың алтынға бір құл сатып алар едім!»-дейді.

Сонда Аристипос оған «Иә, мың алтынға бір құл сатып алсаң болады. Бірақ, ол кезде үйіңде бір емес, екі құлың болады ғой» -деп жауап берген екен. Қарасаңыздар, ықылым заманнан қадір-қасиеті жоғары саналған білім –біздің заманымызда ұлттың ұлт болып ұйысуының көрсеткіші саналады. ХХІ ғасыр ғылым мен білім, озық ой мен технология ғасыры. Сапалы білімнің салтанат құратын дәуірі.

 

Құрметті ұстаздар!

Ұстаз ұлы есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сіздерге қандай мақтау айтылса да артық етпейді.

Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі  жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін. Шәкірттеріңіздің құрметі мен парасатына бөлене беріңіздер. Шығармашылық ізденістер, ғылыми жаңалықтарыңыз арта берсін! Мерекелеріңізбен! Мерейлеріңіз үстем болсын!