«БАЛУАНДАРДЫҢ БЕСІГІНДЕ» ТЕРБЕЛГЕН

«БАЛУАНДАРДЫҢ БЕСІГІНДЕ» ТЕРБЕЛГЕН

Былайғы жұртшылық қасиетті Жуалы ауданын «Батырлар мен генералдардың елі» деп таниды. Ал ауданға қарасты Күреңбел ауылын «балуандардың ауылы» деп те атайды. Олай дейтініміз, осы ауылдан шыққан даңқты балуандардың бір ауылдың ғана емес, ауданның, облыстың атын шығарып жүр. Бұл дегеніміз – осында бұрыннан қалыптасқан мектеп бар деген сөз. Атап айтқанда, бүгінде облысқа белгілі азамат, Күреңбел ауылындағы күрес мектебінің негізін қалаушылардың бірі – Махамбет Дүйсембаев екені белгілі.

Ал бүгінде ауылда тұрып-ақ, талай саңлақ спортшылардың томағасын сыпырған білікті бапкер, халықаралық дәрежедегі төреші Тайжан Қозыбековтың жаттықтырушылық еңбегі өз алдына бір мектеп. Тайжан баптаған балуандардың арасында есімі елімізге белгілі балуан, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Ғани Сейділдаевтың шоқтығы биік. Күреңбел ауылынан шыққан ағайынды Мият, Қайрат, Ринат Мұқымовтар, Руслан Тоқбаев, Жанат Әтеев, Бақыт Қыстаубаев сынды азаматтар қазіргі таңда облыс көлемінде бапкерлікпен айналысуда. Алақандай ауылдың өзінде қазіргі таңда қазақ күресі және дзюдо күресінен екі бірдей үйірме жұмыс жасайды.

2003 жылы дүние есігін ашып, осыдан біршама уақыт бұрын ауылдық округ әкімшілігінің ғимаратында орналасқан дзюдо залында алғаш рет жаттығуын бастаған Шапағат Қанатбекқызы – қазіргі таңда еліміздің көк байрағын биікке көтеріп, Қазақ елінің спорт өнерін әлемге танытумен қатар қыздар арасында дзюдо күресін кеңінен насихаттап жүрген жас спортшымыз.

Шапағат алғашқы жаттығуын тоғыз жасында бастады. Оның күреске деген қызығушылығы жаттығу залында дайындық жұмысын жүргізіп жатқан аға-әпкелерінен бастау алған.

«Талаптыға нұр жауар» демекші, талапты жас асқақ арман мен межелі мақсатына қол жеткізу үшін жаттығумен жиі айналыса бастады. Төгілген термен қоса алғашқы жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Тайжан Қозыбековтың еңбегінің нәтижесінде ұстазын мұқият тыңдап, тапсырмасын уақтылы орындаған шәкірттің еңбегі қазіргі таңда өз жемісін беруде.

Тынымсыз еңбектің арқасында алғаш рет Павлодар қаласында өткен Қазақстан чемпионатында ол қарсыластарын қоғадай жапырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Осы жарыстан кейін Шапағаттың спортқа деген қызығушылығы арта түсіп, кезекті додаларға дайындық жұмыстарын қызу жүргізе бастады. Сондай жарыстардың бірі Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында тағы да қарсыластарын басымдықпен жеңіп, бірінші орынды иеленді.

Бала күнгі арманы орындалып, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелігіне өтіп, елдің атынан шетелдерге жарысқа жолдама алды. Түркияның Анталия қаласында өткен Еуропа кубогі үшін сайыста VI орынды иеленсе, Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында өткен Азия кубогынан ІІІ орын, Алматы қаласында өткен Азия кубогынан І орын, Қытай Халық Республикасының Макао қаласындағы Азия кубогында ІІ орынды қанжығасына байлап, Тайпей мемлекетінде өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Күреңбел ауылының мақтанышына айналған жас дзюдошы Шапағат Дәулет қазіргі таңда Тараз қаласындағы облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында оқып жатыр. Тиісінше, дзюдоның қыр-сырын меңгеріп, кәсібилігін шыңдау үстінде.

Қазіргі таңда мектеп-интернатта білікті бапкерлер Фарида Сәрсекова мен Гүлмира Игілікованың қол астында жаттығып жүрмін. Алда Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді деп күтілуде. Соған тыңғылықты дайындалып, оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Маған қолдау көрсетіп жүрген жерлестеріме, спорттағы жанашыр аға-әпкелеріме рақмет айтамын, – дейді Шапағат Қанатбекқызы.

Байрағымызды көк аспанда желбіретіп, салауатты өмір салтын берік ұстанып жүрген жас спортшымыз Шапағат Қанатбекқызына спортта биік белестерден көрініп, еліміздің атын бұдан да үлкен жарыстар мен байрақты бәсекелерде шығара беруіне тілектеспіз.