Батырдың әруағына Құран бағышталды

Батырдың әруағына Құран бағышталды
Кеңес Одағының  Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған тамған Мыңбұлақ өңіріндегі Момыш бұлағының басында Батырдың әруағына арнап құран оқылды. Айта кету керек, Батырдың 110 жылдық мерейтойы қарсаңында демеушілердің көмегімен бұлақ басына баратын бір шақырымға жуық жолға шағалтас төселіп тегістелді. Бұлақ басы қоршалып, сәндік ағаштар отырғызылып, бойшаң стелла бой көтерді.
Шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев, аудан басшылары мен ардагерлер ұйымдары мен жұртшылық өкілдері жиналды. «Жуалы» мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбек Құран аяттарын оқыды. Ауданның қадірменді ақсақалы, Момыш бұлағының күтімге алынып, көркеюіне еңбек сіңірген Аманжол қажы Дүрәліұлы көпшілікке ақ батасын берді.
Одан кейін қонақтар мен аудан басшылары бұлақ басына аялдап, суын мейірлене ішіп, тарқасты.