Базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейде сақтау туралы

 

Базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейде сақтау туралы

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі пайыздық дәлізді +/- 1 п.т. деңгейде сақтай отырып, базалық мөлшерлемені жылдық 9,25% деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады.

Қыркүйекте 5,3% болған іс жүзіндегі жылдық инфляция серпіні Ұлттық Банктің алдыңғы болжам қорытындысы бойынша жасалған бағалауына сәйкес қалыптасуда. Халықтың инфляциялық күтулері іс жүзіндегі инфляция деңгейіне жақын қалыптасуда. 2019 жылдың соңында инфляция 5,7-5,8% деңгейде, яғни 4-6% нысаналы дәліз ішінде күтіледі. Реттелетін қызметтерге және азық-түлік тауарларының жекелеген түрлеріне баға серпініне байланысты инфляциялық тәуекелдердің болуына қарамастан, инфляция 2020 жылдың соңына дейін аралықта 4-6% нысаналы дәліз ішінде сақталады.

Базалық мөлшерлеме бойынша кейінгі шешімдерді Ұлттық Банк нысаналы бағдарға қол жеткізу мақсатында қалыптасып отырған және болжанатын инфляция серпінін ескере отырып қабылдайды.

Жылдық инфляция 2019 жылғы қыркүйекте алдыңғы аймен салыстырғанда тамыздағы 5,5%-дан 5,3%-ға дейін баяулады. Көкөніс пен жеміске, реттелетін қызметтер мен энергия ресурстарына бағаның өсуін ескермей есептелетін базалық инфляция да 7,9%-дан 7,7%-ға дейін төмендеді.

Азық-түлікке жатпайтын тауарларға жылдық көрсетуде 5,4%-ға және ақылы қызметтерге 0,7%-ға бағаның өсу қарқындарының баяулауы инфляцияға тежеуші әсер көрсетуін жалғастыруда. Азық-түлікке жатпайтын инфляция серпіні киім-кешек пен аяқ- киімге, дизель отынына баға өсуінің маусымдық жылдамдауының болмауымен сипатталады. Бензин және қатты отын бағасы төмендеуін жалғастыруда (жылдық көрсетуде тиісінше 4,8%-ға және 3,5%-ға). Реттелетін қызметтер соңғы 12 айда 8,2%-ға арзандады.

Азық-түлік тауарларына бағаның өсуі 2019 жылғы қыркүйекте 9,1%-ға дейін жеделдеді, бұл көп жағдайда ет пен астық дақылдарын тұтынудың өсуі аясында әлемдік нарықтағы бағадан кейін ішкі бағалардың көтерілуімен түсіндіріледі. Ет және ет өнімдері жылдық көрсетуде 13,5%-ға, нан-тоқаш өнімдері және жармалар 12,7%-ға қымбаттады.

Халықтың инфляциялық күтулері ағымдағы жылғы қыркүйекте тамызбен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген жоқ және алдағы 12 айда 5,4% болып бағаланады. Пікіртерім нәтижелері бойынша, келесі 12 айда тұтыну бағаларының сақталуын немесе барынша жоғары өсуін күтетін респонденттер үлесі 54%-ға дейін төмендеді (тамызда 59%).

Тауарлар мен қызметтерге тұтынушылық сұраныс кеңеюде. Халықтың нақты ақшалай кірістерінің өсуі 2019 жылғы қаңтар-тамызда 6,7% болды. Бұл үрдістерге әлеуметтік қолдауға, жалақыға бюджеттік шығыстар және қыркүйекте өсуі жылдық көрсетуде 22,6% болған тұтынушылық кредиттеудің кеңеюі ықпал етуде.

Іскерлік белсенділіктің өсуі жалғасты. Ағымдағы жылғы қаңтар-қыркүйекте қысқа мерзімді экономикалық индикатор 4,7%-ға ұлғайды, ол құрылыста 13,5%-ға, саудада – 7,6%-ға, көлікте – 5,5%-ға, өңдеуші және тау-кен өндіру өнеркәсібінде тиісінше 3,5%-ға және 3,1%-ға өсуі аясында ұлғайды. 2019 жылғы қаңтар-қыркүйекте инвестициялардың кеңеюі 9,7%-ды құрады.

Сыртқы сектор факторларының әсері алдыңғы шешіммен салыстырғанда елеулі өзгерістерге ұшыраған жоқ. Мұнай бағасының қалыпты серпіні сақталды. 2019 жылдың басынан бастап бағаның орташа деңгейі бір баррель үшін 64 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасуда. Әлемдік азық-түлік нарықтарының тарапынан тәуекелдер теңгерімді болып қалуда. Қыркүйекте ФАО азық-түлік бағалары индексінің мәні тамыздың деңгейімен салыстырғанда іс жүзінде өзгерместен, 170 тармақ болды. Қант бағасының төмендеуі өсімдік майы мен ет бағасының жалғасып отырған өсуімен толық өтелді.

Сыртқы монетарлық жағдайлар жұмсаруда. Ресейдің Орталық Банкі ішкі және сыртқы сұраныстың әлсіз серпініне байланысты нақты және күтілетін инфляцияның тез төмендеуі аясында ақша-кредит саясаты мөлшерлемелерін белсенді төмендету саясатын жүргізуде. Қытай Халық Банкі және Еуропалық Орталық Банк өз операциялары бойынша мөлшерлемелерін төмендетуде және ынталандырушы сипатындағы кейінгі шаралар бойынша қарым-қатынас жасауда.

Инфляция 2019 жылдың қорытындысы бойынша 5,7-5,8% деңгейде бағаланып отыр. 2020 жыл ішінде инфляцияның 4-6% нысаналы дәліздің ортасы деңгейіне дейін баяулауы күтіледі. Бұған ағымдағы ақша-кредит жағдайлары ықпал ететін болады. Инфляция факторларының әр түрлі бағытта болуы оның қысқа мерзімді кезеңдегі құбылмалылығы тәуекелдерін арттырады. Негізгі тәуекелдер реттелетін қызметтердің жекелеген түрлеріне шекті тарифтердің күтілетін өсуіне байланысты.

Базалық мөлшерлеме бойынша кейінгі шешімдер ішкі және сыртқы тәуекелдер серпінін ескере отырып қабылданады, олар нақты инфляция деңгейін және оның нысаналы бағдарларға сәйкестігін айқындайтын болады.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2019 жылғы 9 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 15:00-де жария етіледі.

 

Толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады +7 (727) 330 24 52 (1452) +7 (727) 2704 596 (3930) e-mail: press@nationalbank.kz www.nationalbank.kz