КЕҢЕСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАС

Кеңесіп пішкен тон келте болмас

Екі жыл бұрын елімізде құрылған Қоғамдық кеңестердің  бүгінде қоғам үшін  орны мен  рөлі ерекше. Осы мерзім ішінде  көптеген игі істер атқарылып, шешімін күткен  мәселелер кеңестердің  араласуымен шешілуде.

Жуырда облыс әкімдігінің мәжіліс залында Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесі, Жуалы және Байзақ аудандарының Қоғамдық кеңестерінің өкілдері  мүшелері  Алматы облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр Қисықовпен  кездесті.

Кездесуді облыстық Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Сембек  Сейдазимов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде «Қазақстан Республикасында Қоғамдық кеңестердің тиімділігін  қоғамдық бақылау құралдарын пайдалану арқылы арттыру, «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы және Қазақстан Республикасындағы басқа да  нормативтік-құқықтық  актілеріне сәйкес қоғамдық мониторинг жүргізу»  тақырыбы төңірегінде  тартымды әрі қызықты әңгіме өрбіді.

Алғашқы сөз оңтүстік астанадан  келген  Бекнұр Қисықовқа берілді.

–        Мен  Алматы облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі  болып оның  құрылған  кезінен бастап еңбек етудемін.  Кеңестің сегіз комиссиясының бірін басқарып отырмын.  Бұл аймақтық тәжірибе алмасу  кездесу  Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында  өтіп отыр. Министрліктің тапсырысы бойынша мен осы аймаққа келдім. Келесі сапарым Шымкент, Түркістан, Қызылорда және басқа өңірлерге  жоспарлануда.

Біздің кеңестің құрамында 37 адам  жұмыс істейді. Олардың негізін үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ)  өкілдері құрап отыр. Алматы үлкен қала және ондағы қоғам мүшелері барлық  шараларға  өте белсенді араласады. Сондықтан біздің  бос уақытымыз болмайды, тірлік өте көп. Оны өздеріңіз де теледидар арқылы көріп отырсыздар. Біздің жүргізіп отырған шараларымызға облыс әкімі  Бауыржан Байбек үнемі қолдау көрсетіп отырады. Қоғамдық кеңес  мүшелері  қоғамның мүддесін қорғау бағытында  лайықты  іс- шаралар  атқарып отыр,- дей келе, Бекнұр Сейітжанұлы Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің  тыныс-тіршілігіне,  кездесудің негізгі мақсаты мен  жоспарына тоқталды.

Кездесу барысында: «облыстық және аудандық  Қоғамдық кеңестер қалай жұмыс істеп жатыр? «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заң мен типтік Ереже  қалай орындалуда? Оларға  өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет пе, болса,  қандай? Осы және басқа мәселелер, көкейлеріңізде жүрген сұрақтар болса  және   әрқайсымыз тәжірибемізбен  бөлісейік, ой-пікірімізді ортаға салайық», – деді Бекнұр Қисықов.

Жиынға қатысушы Жамбыл облыстық, Тараз қалалық және  Байзақ пен Жуалыдан барған  Қоғамдық кеңестердің төрағалары мен мүшелері  атқарып отырған жұмыстары туралы мәлімдей отырып,  көкейлерінде жүрген көптеген проблемаларды тілге тиек етті. Мысалы, Қоғамдық кеңестердің жұмысына кім баға беруі керек? Олардың  материалдық базасын кім  жақсартады?  Енжарлық  немесе   немқұрайлық танытып, кеңес құрамынан шығып кеткендердің орнына жасалған резервтен белсенділерін ұсынуға болады ма? Штаттарын кеңейту керек, әсіресе, хатшы мен заңгер  қызметтер бойынша  арнайы  бірліктер ашу керек, деген мәселелер көтерілді.

Айтылған пікірлер мен  өтініш-тілектерді  министрліктің өкілі жазып алып, тиісті басшыларға жеткізетінін  айтты.

Гүлмира Дембаева,

«Жаңа өмір»