Қоғам өмірінің қайнаған ортасында

Қоғам өмірінің қайнаған ортасында

 

Аудандық Қоғамдық кеңестің құрылғанына  екі жарым жыл толып отыр. Қоғамдық кеңес   Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам»- Ұлт жоспарының 99 бағытында белгіленген  міндеттері  мен  құқықтарын  пайдалану бағытында, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң талаптарының негізінде жұмысын жүргізуде. Қоғамдық кеңес өзіне берілген өкілеттіктер шегінде атқарушы билік пен  бұқараның ақылдасу алаңына  айналып, қоғамдық бақылаушы міндетін жүйелі түрде атқаруда.

Аудандық Қоғамдық кеңес осы жұмыс істеген мерзім аралығында қоғамда қордаланған мәселелерді  шешу  жолында көптеген игі істер атқарып, аудан жұртшылығының оған деген  сенімін арттырып, беделін өсіруге ықпал етуде.

Аудандық Қоғамдық кеңестің 20 мүшесінің қатысуымен  үстіміздегі жылы жоспарланған  іс-шаралар мен белгіленген  жобалар іске асырылуда. Заң талаптарын  жүзеге асыруда кеңес жұмысының басты бағыттары қалыптасқан. Қоғамдық кеңестің  қалыптасқан төрт бағыты бойынша  үстіміздегі жылдың алты айында атқарылған жұмысы туралы оның төрағасы Сейітхан Шерелханұлы Жұмашев   былай деп  мәлімдеді:–   Қоғамдық кеңестер қызметінің негізгі мақсаты – қоғамдық маңызы бар  мәселелер  бойынша  жұртшылықтың пікірін білу және олардың орындалуына ықпал жасау.  Заңның 5- бабының 1,2,3 және 5 тармақтарының талаптарына сәйкес, аудан бюджетінің жобаларын, олардың орындалуын, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға қол жеткізу туралы есептерін тыңдау, аудан  әкімдігінің  азаматтардың  құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік- құқықтық  актілердің жобаларын әзірлеуге және  талқылауға қатысу  біздің кеңестің жұмысының  құрамдас бөлігіне айналған.

Қоғамдық кеңес  аудан әкімдігінің, мәслихаттың шешімдерінің жобаларын қарап,  күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылап, тиісті ұсынымдар беріп отырады.

Сондай-ақ , биылғы жартыжылдық жұмыс барысында аудандық Қоғамдық кеңесте  5 президиум отырысы, 3 қоғамдық тыңдау, 6 кеңес мүшелерінің отырысы  барысында 15 мәселе қаралды. Олар: мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру  тапсырысын жан басына шаққанда қаржыландыру және ата-ананың ақы төлеу  мөлшерін бекіту туралы, жергілікті атқарушы  органдардың  қызметтік куәлік беру туралы қағидасы, ауыл шаруашылығы мәселесі туралы, аудан әкімдігінің  экономика және бюджетті жоспарлау  бөлімінің  2018-2019 жылдарға арналған мәселелері. Сонымен бірге ауыл тұрғындарын газбен, электр қуатымен қамтамасыз ету, тұрғын- үй коммуналдық,  автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің мәселелері отырыстарда талқыланып, тиісті мекемелерге ұсынымдар жасалынып, басқа органдардың қарауына жіберілді.

Қоғамдық кеңестің отырыстарында  Билікөл, Ақсай, Мыңбұлақ, Нұрлыкент, Көкбастау, Шақпақ, Қошқарата, Күреңбел, Қарасаз ауылдық округтері тұрғындарымен өткізілген кездесулердің қорытындысы   қаралып, ауыл әкімдерімен жергілікті қоғамдық қауымдастықтарының байланысы мен қызметі талқыланып, тиісті шешім шығарылды.

Қоғамдық кеңес  отырысында жергілікті полиция  қызметінің, «Жуалы Су» КҚК жұмысы   туралы  олардың  басшыларының есебі тыңдалды.

«Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның 3 тармағына сәйкес, аудандық Қоғамдық кеңес  азаматтардың атқарушы биліктің қызметіне  сенімін арттыру,  қоғам мен  мемлекет арасында тығыз байланыс орнату, билік пен  бұқараның  ақылдасу алаңына  айналдыру, әлеуметтік шиеленістердің оң шешімін табу  мақсатында лайықты еңбек  етуде.

Сондай-ақ, үстіміздегі  жылдың сәуір-мамыр айларында  бірқатар білім беру мекемелері тексеріліп, ондағы анықталған кемшіліктер мен  орын алған олқылықтар тиісті органдарға жеткізіліп,  лайықты шаралар  қолданылды. Мысалы, аудан орталығындағы Д.Қонаев  атындағы мектеп- гимназия, А.Байтұрсынов атындағы,  Мыңбұлақ  және  №29 орта мектепте балаларды ыстық тамақпен қамту барысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының  орындалуы,  білім сапасының деңгейі   тексерілді.  Мектеп директорларының есебі тыңдалып, мектеп  ұжымдарымен кездесулер өткізілді.  Барлық мектептің асханасының жұмысының  кемшілігі –  оны жалға алған кәсіпкерлер-мердігерлер  электр  жүйесін   мектептің ( жергілікті бюджет) есебінен жағып, қаржысын жауып отырған. Осы  туралы және оқушыларды ыстық тамақпен  қамту бағдарламасының  орындалу деңгейінің төмендігі, азық-түлік  мөлшерінің жетіспеушілігі анықталып, осы кемшіліктерді жою жолдары көрсетіліп, бірқатар ұсынымдар берілді.

«Қазақстан Республикасының баршаға  ортақ тегін кәсіптік-техникалық білім беру  бағдарламасының №16 Жуалы колледжінде орындалу барысы туралы» Қоғамдық кеңестің отырысында қаралды. Бұл білім  шаңырағында  білімгерлерге   кәсіптік-техникалық білім  алу бағытында   көптеген игі шаралар  атқарылуда.  Сонымен қатар, білімгерлердің  өндірістік- практикалық сабақтар өтетін шеберханаларының  тозығы жеткен,  қыста суық, жылыту жүйесі де   ескірген.Балалардың оқып жатқан автомобиль, трактордың бөлшектері  бүгінгі таңда  қолданыста жоқ  техникалардың бөлшектері.

Колледжде  білім сапасын заманауи талаптарға сәйкестендіру үшін  шеберханалар, жатақхана,  асхана және спортзалы  мен актзалы  орналасқан ғимараттарға  күрделі жөндеу жасалуын қажет етуде.  Оқуды бітірген білімгерлердің жұмысқа орналасуы бойынша кәсіпорындар мен шаруа қожалықтар тарапынан жас мамандарға қолдау көрсету қажет. Осы мәселелерді зерттеп, зерделеп, Қоғамдық кеңес  мүшелері облыс әкімі А. Мырзахметовтың атына  хат жолдап,  жауабын алды. Онда облыс басшысы облыстық білім  департаменті мен облыс әкімдігінің  экономика және бюджеттік  жоспарлау басқармасына  берген тапсырмасында  жағдайдың анық-қанығына  жетіп, осы мәселені зерделеуді тапсырды.

Одан басқа  Қоғамдық кеңес мүшелері  аудан тұрғындарынан кездесулер, жиналыстар барысында  ауызша және жазбаша  түрде  түскен өтініш, тілек- талаптар бойынша ауылдарға шығып, зерделеу жасап,  шешімін күткен  мәселелерді  шешуге ықпал етіп отырамыз. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі –  ауыз және ағын  су,  жер учаскесін бөлу, жайылым, жол жөндеу мәселелері туындап тұр.  Түскен  арыз-шағым, өтініштер тиісті органдарға жеткізіліп,  кеңес мүшелерінің тарапынан ұсынымдар жасалып отырады.

Төртінші бағыт бойынша Қоғамдық кеңес атқарып отырған  жұмысының, қабылдап отырған шешімдерінің ашықтығы мен жариялылығын  үнемі арттыруда.  Есепті кезеңде атқарылған жұмыстардың  нәтижесі, қоғамдық тыңдауларда көтерілген мәселелер және оны шешу жолдары  аудандық және облыстық  газеттер  бетінде  үнемі мақалалар жариялап,  аудан жұртшылығына  жеткізіп отырамыз.