Қоғам және Заң

Қоғам және Заң

Қоғамдық кеңестің беделі артып келеді

Елімізді Қоғамдық кеңестер  2016 жылдың қаңтар айында  құрылып, екі жыл ішінде  өзіне  жүктелген міндеттерді өз өкілеттігі аясында лайықты  деңгейде  атқарып келеді.

Қоғамдық кеңестер Елбасының ұйғаруымен Ұлт Жоспары- «100 нақты қадамның» 99 қадамының талабына сай атқарушы билік пен азаматтық қоғамның  арасындағы  дәнекер, әрі ақыл  қосушы, мемлекеттік органдардың  жұмысының ашықтығын  қамтамасыз  етуші,  бақылаушы орган ретінде құрылған. Ұлт Жоспарында  Қоғамдық кеңестер туралы былай делінген: «Мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы Қоғамдық кеңестердің стратегиялық жоспарлар мен аумақтық  даму бағдарламаларын; бюджеттерді, есептерді, мақсатты индикаторларға қол жеткізуді, азаматтардың құқықтары мен  еркіндіктерін қозғайтын нормативтік- құқықтық  актілер жобаларын; бағдарламалық құжаттар  жобаларын  талқылау бөлігіндегі рөлдерін  күшейту. Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері мен мәртебесін заңмен бекіту, мемлекеттік шешімдерді қабылдау ашықтығын арттыру».

Елбасының  Ұлт Жоспарының 99 қадамын  және  «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы   мен  типтік Ережені басшылыққа ала отырып, аудандық Қоғамдық кеңес  өз жұмысын  лайықты деңгейде  ұйымдастыруда. 20 мүшеден тұратын  Қоғамдық ұйымды  тәжірибелі, білікті басшы, аудандық  мәслихат депутаты Сейітхан Шерелханұлы Жұмашев  тиянақты, жоғары жауапкершілікпен басқаруда.

Қоғамдық кеңестің басты мақсаты- халыққа сапалы қызмет көрсету. Қоғамдық кеңестің атына  аудан тұрғындарынан түскен өтініш, арыз- шағымдар дер кезінде, уақытылы  қаралып, шешім қабылданады.   Әр өтініштің, әр хаттың артында тұрған адамдарды ескере отырып,   жыл бойындағы түскен  хаттар тиянақты, мұқият тексеріліп, тиісті шара қолданылып отырады.

Қоғамдық кеңес жанынан үш комиссия құрылған.  Олар  өз жұмысын жоспарлы түрде, жылдық жоспарға сай , «Қоғамдық кеңестер туралы»  ҚР Заңы, Ережесі  аясында жүргізуде. «Бюджет, қаржы және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі» комиссияны Қоғамдық кеңестің мүшесі, Т.Әкімов  атындағы орта мектеп директоры Гүлнәр Мұсаханова басқарады. «Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер, әлеуметтік – мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі» комиссияны- Қоғамдық кеңестің хатшысы, аудандық газеттің редакторының орынбасары Гүлмира Дембаева және үшінші – «Аграрлық саясат,  ауылдық аймақтарды дамыту,  табиғатты және жер ресурстарын пайдалану, техногендік үрдістер, кәсіпкерлікті қолдау, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын дамыту мәселелері жөніндегі» комиссияны Али Жаналиев басқаруда.

Жыл ішінде Қоғамдық кеңестің өз жұмысын бірнеше бағытпен жүргізді. Бірінші бағыт бойынша Қоғамдық кеңес  аудандық бюджеттің жобаларын және олардың орындалуын бақылауға алып, атқарушы органдардың нысаналы индикаторларға  жеткізу туралы есептерін тыңдап, аудан әкімдігінің  азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне  қатысты нормативтік- құқықтық актілердің  жобаларын әзірлеуге  және  талқылауға қатысты.

2017 жылы аудандық Қоғамдық кеңестің  президиумының 15 отырысы, 5 қоғамдық тыңдау барысында 36  өзекті  мәселелер  қаралды. Олар білім беру, ауыл шаруашылығы салалары, аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің  2017-2019 жылдарға арналған  бюджет туралы, Жұмыспен қамту  және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәселелері, ауыл тұрғындарын газбен, электр энергиясымен  қамтамысыз ету, автомобиль жолдары, жолаушылар  көлігі мәселелері кеңес отырыстарында  талқыланып, тиісті мекемелерге ұсыныстар  жіберілді.

Қоғамдық кеңестің екінші бағыты – азаматтардың  атқарушы биліктің қызметіне  сенім деңгейін арттыруға, қоғам мен мемлекет арасында қайтымды байланысты қамтамасыз етуге, әлеуметтік шиеленістерінің оң шешімін  табуына арналды. Мысалы, Билікөл ауылдық округінде  екі шаруашылықтың жерге байланысты  келіспеушілігін, ауыл тұрғындарының   арыз-шағымдарын, дау-дамайын ретке келтіріп, мәселені ұшықтырмай, оң шешуге атсалысты.

Сондай-ақ, Қайрат ауылының «Шапағат» балабақшасының  меңгерушісі атына түскен арыз, Қоңыртөбе, Қарасаз, Көлбастау, Жетітөбе ауыл тұрғындарынан, «Жасыл Ел- Жуалы» ЖШС-ның қызметкерлері ,  Дихан орта мектебінен түскен  өтініш- тілектер  муқият қаралып, олар бойынша  тиянақты шешім шығарылып, жауап  берілді.

Аудандық электр желісін тарату  мекеменің жұмысына байланысты бірнеше ауылдық округінен   түскен  өтініштерін  Қоғамдық кеңес отырысында  қарап,  10 километр  шақырым электр бағаналары жөнделіп,  желісі тартылып, ауыл тұрғындары жарықпен қамтылды.

Жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан түскен арыздар қаралып, шешілді. Онда олар   жұмыспен  қамту, атаулы әлеуметтік жәрдем ақы алу,  қоғамдық жұмыстармен қамтылу мәселесін көтерген, барлығы оң шешімін тапты. Екі азаматтың арызы бойынша  бұл отбастарына өшірілген   газ, электр жарығы  қайта қосылды, оларға қарыздарынан құтылуға жолдар қарастырылып, көмек берілді.

Денсаулық сақтау саласының бүгінгі таңда «Денсаулық» бағдарламасының орындалу бағытында келтіріп отырған кемшіліктері жөнінен Қоғамдық кеңес жоғары органдарға тиісті шара қолдану үшін  хат жолдады.

Үшінші бағыт: Заңда белгіленген қоғамдық кеңестің қоғамдық бақылау

саласындағы өтініштердің іске асырылуы жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарының шешімдер қабылдау процесіне азаматтардың қатысу  мүмкіндігін кеңейту  мақсатында қоғамдық мониторинг,   сараптама ,  тыңдау және мемлекеттік орган жұмысының  нәтижесі жөніндегі  есептерді тыңдау  арқылы жүргізіп отырады.

Жыл сайын аудан халқына  қызмет көрсететін мекемелердің басшыларының  жұмысы Қоғамдық кеңестің отырыстарында тыңдалып, сараптама жасалып отырады. Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға!», «Өңірлерді  дамыту»,  «Жұмыспен қамту», басқа да көптеген  мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бақылауға алынып, тексеріліп отырады. Қоғамдық кеңес өз жұмысында  жергілікті қауымдастықтардың  пікірі мен ұсыныстарына да сүйеніп отырады, олармен тығыз байланыс орнатқан.

2017 жылы Қоғамдық кеңес тарапынан  өзекті мәселелерді шешу жолында жоғарғы мемлекеттік органдарға 17 ұсыныс және 11 өтініш жолданды. Соның бірі- Қоғамдық кеңестің араласуымен ең маңызды  мәселе шешімін тапты деуге әбден болады. Ол-  Халыққа қызмет көрсету және  Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жақсарту  мақсатында  жаңа ғимарат сатып алып берілуі. Аудан тұрғындарының  арыз- шағымдары бойынша  және осы мекемелердің ұжымдарының  сұранысымен   Қоғамдық кеңес облыс экімі К.Көкрекбаевтың атына дәлелдер келтіріп жазған хатының  нәтижесінде облыс бюджетінен қаржы бөлініп, 120 миллионға сатып алынған  жаңа  ғимаратқа аталмыш мекемелер  көшірілді. Бүгінде   олар өз жұмыстарын   жаңа ғимаратта жүргізуде.

Сондай-ақ, Жамбыл облыстық ішкі істер  департаментінің басшылығына аудандық  жергілікті  полицияның жұмысын жандандыру мақсатында онда кадрлардың жетіспеушілігі көрсетіліп, хат жолданды.  Жоғары органнан   2018 жылы мәселе шешіледі деген  оң жауап алынды.

Жамбыл электр желілерін тарату  басқарма басшылығына  жазған хаттарда ауданның  таулы аймақтардағы елді мекендерінің электр  жүйесінің  тозғандығы көрсетілген болатын. Соның нәтижесінде  бірнеше  ауылдардың электр бағаналары, трансформаторлары ауыстырылып,  жарық мәселесі шешілді.

Аудан тұрғындарын толғандырған  маңызды мәселенің бірі- ауыз су мәселесі еді. Қоғамдық кеңестің  жүргізген  зерделеу жұмыстары нәтижесінде  бұл салада да тәртіп орнатылды: басшысы ауысып, жұмыс жандана бастады, су тоқтаусыз берілуде.

Қоғамдық кеңестің  мүшелерінің білімділігі мен белсенділігімен және  әрбір мәселеге жанашырлықпен, жоғары жауапкершілікпен  қарауының арқасында   қоғамдық ұйым  өз жұмысын ашық және жариялы түрде  жүргізуде. 2017 жылға белгілеген барлық мәселе тиянақты  қаралып, шешімін тапты.

Жаңа 2018 жылға жоспар жасалынып, ол Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында  талқыланып, бекітілді.  Қоғамның қордаланған мәселерін шешуге  Қоғамдық кеңес мүшелері белсенділікпен кірісіп кетті.

Гүлмира Дембаева,

Жуалы ауданы