ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕЛЕР ӘЛІ ДЕ КӨП

Шешімін күткен мәселелер әлі де көп

Қоғамдық кеңес  жылына бір рет ауылдық округтерде көшпелі отырыстар,  қоғамдық тыңдаулар өткізіп, ауыл тұрғындарының өтініштері мен көтерген өзекті мәселелерді  өзінің бақылауына алуда.

Шілде- тамыз айларында  сондай  қоғамдық тыңдаулар  бірқатар ауылдық округтерде өтті.  Боралдай ауылдық округінің әкімі Ғани Қуанышевтың аудандық Қоғамдық кеңес, ауылдық жергілікті қауымдастық  мүшелерімен және ауыл тұрғындары алдында атқарған жұмысы бойынша  есеп берді. Сондай-ақ, 2019 жылға бекітілген бюджет және «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы  бойынша  бөлінетін қаржы есебінен атқарылатын жұмыс түрлерінің жоспарын  қауымдастық мүшелеріменен ақылдаса отырып,  келісіп бекіту мәселесі де жиынның күн тәртібіне қойылды.

Ауыл әкімі өз баяндамасында  алты ай ішінде  әкімшілік аппаратының атқарған жұмысына тиянақты тоқталып өтті.  Баяндамашы 2017 жылғы ауыл әкімінің есептік жиналысында айтылған сын-ескертпелер мен  ауыл тұрғындарының ұсыныстары бойынша атқарылған  жұмыстарды да тілге тиек етті. Ол Көлтоған ауылында  ауыз су жүйесін  жүргізу және  Рысбек батыр ауылының О.Ауғамбаев көшесін жарықтандыру еді.   Бірінші мәселе бойынша   бүгінгі  таңда   «ГорСтройДизайн» ЖШС арқылы  жобалық-сметалық құжат жасалып, сараптама порталы бойынша кешендік сараптамаға «Стандарт ОРД» ЖШС-не ұсынылды. Ал, екінші  мәселе бойынша  белгіленген көше жарықтандырылды.

Жиынға қатысушылар  баяндаманы мұқият тыңдап,  үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында және келер жылға  «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сәйкес, белгіленген жоспармен танысып,  келісімін берді.

Баяндамадан соң жарыс сөз басталды. Жарыссөзге шыққан   жергілікті қауымдастықтың мүшесі Пернебек Бошқаев бұрынғы  аурухананың ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, орнына  өнер мектебін ашуды ұсынды. Ал, Ертай ауылының тұрғыны, Ауған соғысының  ардагері Әнуарбек  Алашбаев   ауылдағы мектептің  ескі ғимаратындағы екі бос тұрған бөлмені күрес үйірмесі етіп  ашу керек,  деді.

Сондай-ақ, ауылдағы шешілмей отырған мәселелерге немқұрайлы қарамайтын ауыл азаматтары, қариялар, ардагерлер  жиналыста өз ойларымен бөлісіп,  кемшіліктерді  жоюға  шақырды. Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы  Мақсатбек Байболов Көлтоған ауылын ауыз сумен толығымен қамтамасыз ету мәселесін көтерсе,  ауыл әкімі   Ғани  Қуанышев ауданнан келген  білім бөлімінің өкіліне  ауыл балабақшаларының есепшісі Көлтоған  ауылында  тұрып, жұмыс істеуі керек, деді. Өйткені,  Көлтоған мен Ертай ауылдарының  балабақша қызметкерлері үнемі  ауыл мен аудан орталығы арасында  шапқылаумен болады.

Көлтоғанда  өрт сөндіру бекеті бар.  Бұл аймақта жиі болатын өрт кезінде өрт сөндірушілерге көлік жетіспейді. Сондықтан оларды таситын   УАЗ көлігі керек, деді  жергілікті қауымдастықтың төрағасы  Уәли  Жаманқұлов.

***

Сондай-ақ,  Ақтөбе ауылдық округінде өткен қоғамдық тыңдау барысында да оның қатысушылары  ауылда қордаланып қалған  өзекті мәселелерді  атап айтып, шешуін сұранды.  Басы көрші қырғыз  ағайындардан  келетін  «Ақмолда» каналының  жыры әлі шешілмеген. «Жырлай-жырлай Алтайды, Жамал апай  қартайды», демекші, шаруалардың жанына  батып отырған су әлі жоқ.  «Су мәселесі қашан  шешіледі?»-деді  «Алмат» шаруа қожалығының төрағасы  Ғалым Тойшыбеков.

Округ аймағында ауыз су мәселесі түбегейлі шешілмеген. Жаңа ауыз су ұңғымалары қазылып, жер актілері  жасатуға берілген. «Бүгінгі таңда Бәйтерек және Күркүреусу  ауылдарындағы қазылған екі скважинада су жоқ, ал Жаңаталапта су шығып тұр. Енді қашан жаңа су жүйесі тартылады?»- деген сұрақ қойды ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Тәжіханов.

Аудандық мәслихат  депутаты Зайырбек Сұлтанмұратов: «аудандық білім бөлімінің  3,5 млн теңгеге   сатып алған   бұрынғы сауда орталығы жөнделмей бос тұр. Онда спорт үйірмелерінің  бірнеше түрі  жұмыс істейді дегенге  біраз уақыт өтті, енді қашан ол іске қосылады?»- деді.

Ауыл әкімі Арабхан Заппаров  Бәйтерек ауылының Мәдениет үйінің   жылыту жүйесіне күрделі жөндеу қажеттігі туралы айтты.

Жергілікті қауымдастықтың мүшесі Көбеген Абдалиев  ардагерлерге 50 пайыз жеңілдікпен  денсаулығын түзету, сауықтыру орталықтарына жолдамалар берілсе, құба- құп болар еді, деген өтінішін білдірді.

***

Б.Момышұлы ауылының әкімі Бақыт Қалышбаев қоғамдық тыңдауда  ауыл әкімдігі аппаратының атқарған жұмысы мен іс-шараларға  кеңінен  тоқталып өтті. Ол аудан орталығы бойынша үстіміздегі жылға «Өңірлерді дамыту» және төртінші деңгейлі бюджет  есебінен жоспарланып, атқарылған жұмыстар нәтижесімен  таныстырды.  Сондай-ақ,   үнемделген қаржы есебінен Б.Момышұлы ауылы  Пахомов көшесін  абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмысына  жобалық-сметалық құжаттамысы дайындалып, оған 2573,37 мың теңге   қарастырылғанын айтты.  Одан қалса ауыл ішіндегі  кейбір сәулет нысандарының тозған жеріне  ағымды  жөндеуге, сонымен қатар, 2019 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде  және бюджет есебінен  аймақта атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырып, аудандық Қоғамдық кеңес және жергілікті қауымдастық мүшелерінің келісімін сұрады.

Әкімнің баяндамасынан кейін жарыссөзге шыққан ауыл тұрғындары, жергілікті қауымдастықтың мүшелері  Шора Ысқақов пен Керейбек Нысанбеков  ауыл әкімінің жұмысына  лайықты баға бере отырып,  Пахомов көшесімен тұрғындардың  «Аягүл» бөбекжай-балабақшасына көптеп қатынайтынын, сондықтан  жаяу  жүргіншілер жолының қажет екенін айтты және аудан қарияларына  ауруханада емделуге  порталды көбейтуін сұранды.

Ауыл ардагері, қауымдастықтың мүшесі, белгілі  өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев  ауданда ашылғалы деп отырған  өлкетану мұражайына   көне жәдігерлердің қажет екенін айта келіп, көне жәдігерлерді   сол мекемеге өткізуді өтінді.

Аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы С.Жұмашев есеп беру жиындарында ардагерлердің  айтқан  өтініш- тілектерін, өзекті  мәселелерді өз бақылауына алып,  олардың  орындалуын қадағалайтынын ауыл тұрғындарына  жеткізді.

– Өйткені, әр өтініш- тілектің, ұсыныс- талаптың  артында адам және қоғам,   оның өмірі мен тіршілігі тұр, оған немқұрайлылықпен қарауға болмайды,- деді Сейітхан Шерелханұлы.

 

Гүлмира Маханбетқызы,

«Жаңа өмір»