ЖАҢА МЕКТЕП КЕМШІЛІКСІЗ ЕМЕС

Жаңа мектеп кемшіліксіз емес

Жаңа оқу  жылы қарсаңында Қызыларық ауылдық округінде  Ы. Алтынсарин атындағы орта мектеп  ғимараты пайдалануға берілді.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясы  мен аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелерінің қатысуымен мектеп құрылысының сапасы, оның  оқу жылына дайындығы тексеріліп, зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Сейітхан Жұмашевтың басқаруымен құрылған топ алғашында  мектеп ауласы мен қазандық, спорт алаңшаларын аралап көрді. Нысанды аралау барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Мысалы, аулада  көгалдандыру жұмыстары мүлдем жүргізілмеген: тал-дарақ, гүл егілмеген.  Мектепте су мәселесі де толығымен шешілмеген. Өрт сөндіру гидранты жоқ, яғни, өрт қаупіне қарсы қорғаныс төмен, Өрт қауіпсіздігі сақталмай отыр. Қазандықтағы  екі пештің бірінің жанар-жағармаймен жұмыс істейтін құралы  іске қосылмаған.

Мектеп ауласындағы  әжетхананың кабиналары бөлек есіктермен бөлінбеген, барлығы ашық- шашық күйде қала берген. Мектептің кіреберісінде мүгедектерге  арналған пандус та  кемшіліксіз емес.

Ал мектеп ішін аралау барысында ағылшын және орыс тілдері  лингафон кабинеттерінде  ескі мектептен алынған, тозған кеткен орындықтар қойылған. Вентиляция  орнатылатын бөлме де толық  бітпеген, қондырғылар орнатылмай,  жерде жатыр. Гардеробта  киім ілгіштер қойылмаған.

Мектепке келген арнайы топ мұғалімдер мен техникалық қызметкерлермен кездесті. Кездесу барысында  ұжым қызметкерлері өз қаражатына  терезелерге жалюзи, перделерді  және мектеп ішіне  ілінетін стендтер мен көрнекіліктерді  өздері сатып алып, ілгені, тапсырыс беріп  жасатып  жатқандары туралы тілге тиек етті.

–     Үш ауысымда оқып келген оқушыларға  енді  заманауи мектепте сапалы білім алуға  мүмкіндік туып  отыр. Үкіметке, облыс, аудан басшыларына алғысымыз шексіз.  Мектеп құрылысы басталғаннан мен үнемі басы-қасында болдым, құрылыс жұмыстары сапалы  жүргізілді.  Бірақ кемшіліктер де жоқ емес. Оларды көрсетіп, жергілікті атқарушы органға және аудандық білім бөліміне  арнайы хат жолдап, қаражат сұраған едік, әлі мәселе шешілмеді,- деді мектеп директоры Серік Кенжебаев.

Комиссия  зерделеу жұмыстары барысында анықталған кемшіліктерді жазып алып,  бұл мәселелердің шешілу  жолдарын қарастыратынын  жеткізді.

Мектеп құрылысын жүргізген мердігер  «Даража» ЖШС-ның қаржы жетіспегендіктен туындаған  кемшіліктері аудандық Қоғамдық кеңестің және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырыстарында қаралып,  аудандық білім бөліміне  қаржы  көзін тауып,  кем-кетіктерді  жою  туралы  ұсыныстар берілді. Бұл мәселе  комиссиялардың бақылауына алынды.

 

Гүлмира Дембаева