«БЖЗҚ» АҚ өзекті сауалдарға жауап береді

«БЖЗҚ» АҚ өзекті сауалдарға жауап береді

1) Сәлеметсіздер ме! Мен БЖЗҚ қосымшасын жүктеп алғанмын және екі-үш күн сайын жеке зейнетақы шотымнан үзінді көшірмемді қарап, тексеріп отырамын. Байқағаным, сома үнемі өзгеріп отырады, оның тек көбейіп қана қоймай, кеміп отыратын кездері де болады. Неге олай болатынын түсіндіріп беріңіздерші?

Үзінді көшірмеден Сіз зейнетақы жарналары мен түскен қаражатты инвестициялаудан алынған инвестициялық табыстан тұратын зейнетақы жинақтарының сомасын көресіз.

Естеріңізге сала кетейік, жеке зейнетақы шотына келіп түскен зейнетақы жарналары БЖЗҚ-да сақталып қана қоймайды, оны зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Ұлттық Банк зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне және БЖЗҚ инвестициялық декларациясына сәйкес инвестициялау лимиттеріне инвестициялайды.

Сіз жинақтар сомасының өзгерісін олардың зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеліп, қайта бағаланып отыратындығынан көріп отырасыз.

Инвестициялық табыс тұрақты шама емес, сол себепті ол қысқа мерзім ішінде  оң нәтиже немесе сол нәтиже  көрсетуі мүмкін.

БЖЗҚ салымшыларының қаражаты тәуекелдерді азайту мақсатында инвестициялау түрлері, бағыттары, оның ішінде валюталар бойынша әртараптандырылатынын есте сақтау маңызды. Мысалы, қазіргі уақытта инвестициялардың 2/3  теңгемен және 1/3  шетел валютасымен, соңғысының басым бөлігі – АҚШ долларымен номиналданады.

Сондай-ақ инвестициялық табыс құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі табыстар, сыртқы басқарудағы активтер бойынша табыстар және т. б. кіреді.

Мысал ретінде салымшылар мен алушылардың шоттарына 2020 жылы есептелінген инвестициялық табысты қарастыруға болады. Қаңтар айында таза инвестициялық табыс +28,15 млрд теңгені, ақпан айында +111,7 млрд теңгені, наурыз айында +521,8 млрд теңгені, сәуір айында – 125,6 млрд теңгені, мамырдан бастап 2 маусымға дейінгі аралықта – 102,4 млрд теңгені құрады.

Наурыз айында инвестициялық табыстың айтарлықтай өсуі (+521,8 млрд.теңге), ал сәуір, мамыр және маусым айларының  басында инвестициялық табыстың төмендеуі  байқалады. Бірақ соған қарамастан 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 2 маусымға дейінгі кезеңдегі инвестициялық табыстың жалпы сомасы +433,6 млрд теңгені құрап, оң нәтижеге қол жетті.

Егер осы жылдың наурыз айы неліктен соншалықты табысты болғанын анықтағыңыз келсе, бірнеше айға кейін шегінейік және дәл наурыз айында АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 381-ден 448 теңгеге дейін артқанын еске  түсірелік. Дәл сол кезде біз оң нәтижені көрдік. Себебі, валюталық құралдарға орналастырылған зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау зейнетақы активтері бойынша таза инвестициялық табыстың елеулі өсуіне әсер етті.

Сәуір айында  керісінше, АҚШ долларына қатысты теңге бағамы 448 теңгеден 424 теңгеге дейін төмендеп, нығая түсті. Ұлттық валютаның нығаю үрдісі 2020 жылдың мамырында да жалғасты. АҚШ долларының құны 411 теңгеге дейін төмендеді. Маусымның алғашқы күндері ұлттық валюта бағамының 1 АҚШ доллары үшін 402 теңгеге дейін төмендеуімен сипатталды. Тиісінше, валюталық құралдарға орналастырылған зейнетақы активтерін теріс бағалау орын алып, ол өз кезегінде инвестициялық табыстың төмендеуіне ықпал етті.

Зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыс мөлшерін кем дегенде бір жыл кезеңде талдаған дұрыс екендігіне назар аударамыз.

 

2) Жақында мен өзімнің зейнетақы жинақтарымды БЖЗҚ-дан сақтандыру ұйымына зейнетақы аннуитеті шарты бойынша аудара алатынымды білдім.  Ол үшін менің шотымда қаншалықты сома болуы керек және қаражатымды сақтандыру ұйымына аударған немесе БЖЗҚ-да қалдырған жағдайда қандай төлем алатынымды білсем бола ма?  

 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының әрбір салымшысы Қордың сайтындағы ең танымал сервистердің бірі – болжамды зейнетақы калькуляторын пайдалана отырып, БЖЗҚ-дан да, сақтандыру ұйымынан да алатын өзінің болашақ зейнетақы төлемдерін дербес есептей алады. Атап айтқанда, ол Қазақстанның көп деңгейлі зейнетақы жүйесі аясындағы зейнетақының барлық құрамдауыштарын қамтиды: мемлекеттік базалық зейнетақы және жасына байланысты зейнетақы (немесе ортақ), сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы.

Зейнетақы жинақтарының (МЗЖ, МКЗЖ және ЕЗЖ есебінен қалыптасқан) болжамды мөлшері зейнеткерлік жасқа толуға жеткілікті болған жағдайда, пайдаланушыға болашақта сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасау және зейнетақы төлемдерін өмір бойына алу мүмкіндігі туралы хабарламасы бар қалқымалы терезе пайда болады. Есептеу сақтандыру ұйымынан берілетін аннуитеттік төлемнің болжамды мөлшерін сол жерде білуге мүмкіндік береді. Осылайша Сіз оны БЖЗҚ-дан кесте бойынша берілетін төлемдермен өзіңізше салыстыруға қол жеткізе аласыз.

Есептеу оңай және өте қарапайым. Ол үшін болжамды калькулятордағы туған күні, жынысы, еңбек өтілі, жинақтың сомасы және т. б. сияқты барлық қажетті бағандарды толтыру керек. Егер enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте тіркелген болсаңыз, онда калькулятордағы бағандар автоматты түрде толтырылады және болашақ зейнетақыңыздың есебі екі-үш рет басқанда-ақ жүзеге асырылады.

БЖЗҚ-дан берілетін болашақ төлемдеріңізді есептеу нәтижесі үш сценарийде  беріледі: пессимистік, шынайы және оптимистік. Барлық үш нұсқа кірістіліктің болжамды деңгейін ескереді. Бұл ретте барлық болжамды нәтижелер нақты құндық көріністе (болжамның тиісті кезеңінің инфляциясын шегере отырып) ұсынылады. Сонымен қатар зейнеткерлікке шығатын жасыңыз бен мерзімді, жинағыңыз таусылатын жыл санын және т. б. көре аласыз.

Жоғарыда аталған тамаша мүмкіндіктермен қатар enpf.kz сайтында сақтандыру ұйымына аудару үшін ағымдағы жылы жинақталған зейнетақы қаражатының жеткілікті сомасын есептеу мүмкіндігі де бар. Ол үшін Сізге «Жинақтарды ӨСК-ге аудару» бағанындағы зейнетақы калькуляторы қажет болады.

 

3) Қайырлы күн! Менің сіздерден сұрайын дегенім, төтенше жағдай кезеңінде мен 42 500 теңге мөлшеріндегі жәрдемақыны екі рет алдым, бұл менің зейнетақы шотыма қандай да бір әсерін тигізе ала ма?    

 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 42 500 теңге көлемінде берілетін әлеуметтік жәрдемақыға ешқандай қатысы жоқ. Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде берілетін әлеуметтік жәрдемақы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) беріледі.

МӘСҚ активтері – әлеуметтік аударымдардан жинақталған қаражат, ол ҚР «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңында көзделген әлеуметтік тәуекел жағдайлары туындаған кезде берілетін әлеуметтік төлемдерге арналған. Әлеуметтік тәуекел жағдайларына, мәселен, жұмысынан, еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айрылу, жүктілігі және босануына, жаңадан туған нәрестені (сәбиді) асырап алуына, сондай-ақ бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалысты болуына орай табысын жоғалту жатады.

Ал БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері – бұл «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес зейнетақы төлемдеріне арналған салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы меншікті ақшасы (зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысы).

Сонымен қатар БЖЗҚ-дағы Сіздің зейнетақы жинақтарыңыздың сақталуына мемлекет кепілдік береді. Заңның 5-бабына сәйкес, мемлекет алушыларға БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгiзiлген мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерінде сақталуына кепілдік береді.

 

 

4) Білгім келетіні, «БЖЗҚ» АҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдеріне жеке табыс салығы салына ма? Егер салынатын болса, мөлшері қандай? 

 

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (бұдан әрі – Заң) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабында баяндалған редакциядағы Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 320 және 326-баптарына сәйкес салық салуға жататын зейнетақы төлемдері түріндегі табыс түрлері мен зейнетақы төлемдері түріндегі табыстарға қолданылатын салық мөлшерлемесі айқындалған.

Атап айтқанда, 320-бапқа сәйкес – Салық төлеушінің табыстарына 10 пайыздық мөлшерлеме бойынша салық салынады. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған дивидендтер түріндегі табыстарды қоспағанда, оларға 5 пайыздық мөлшерлеме бойынша салық салынады.

326-бапқа сай – Салық салуға жататын зейнетақы төлемдері түріндегі табысқа Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүзеге асыратын:

       1) салық төлеушілердің:

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары;

      ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт талаптарына сәйкес ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары;

      2) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған және Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрғылықты тұратын жерге кеткен Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғаларына;

      3) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес зейнеткерлік жасқа толмаған және Қазақстан Республикасының шегінен тыс  тұрғылықты тұратын жерге кеткен Қазақстан Республикасының резидент-жеке тұлғаларына;

      4) жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалған зейнетақы жинақтары;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамды жерлеуге арналған біржолғы төлем түрінде жеке тұлғаларға жүзеге асыратын төлемдер жатады.

 

 

5) Сәлеметсіз бе! Жақында Норвегияның зейнетақы қоры туралы мақала оқыдым, олардың Қорында жұмсауға үлгере алмай жатқан орасан зор сома жиналып қалған екен, ал біздің БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтері неге сонша аз? 

 

Салыстырудың өзі қисынсыз, өйткені өзінің атауына қарамастан Норвегия азаматтарын зейнетақымен қамсыздандыру Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қорының бастапқы және басым міндеті болып табылмайды. Мемлекетке тиесілі бұл Қор сонымен бірге жинақтаушы және тұрақтандырушы ұйым болып табылады және оның міндеті – бюджет саласының тұрақтылығын қамтамасыз ету. Норвегия Парламентіне тиесілі Қордың мемлекеттік бюджетке жыл сайынғы транштарының зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету туралы қатаң нысаналы мақсаты жоқ, бұл Норвегия бюджетін қаржыландыру көздерінің бірі ғана, ал оларға бөлінетін қаражат Скандинавия елінің экономикасы мен өмірінің түрлі салаларына бағытталуы мүмкін.

МЗҚ-ның БЖЗҚ-дан тағы бір ерекшелігі, қазақстандық Қорға қарағанда норвегиялық активтер азаматтардың дербестендірілген жинақтары болып табылмайды, шын мәнінде Норвегияның ұлттық әл-ауқатын тұрақтандыру қоры болып табылады. Осылайша Норвегияның Мемлекеттік зейнетақы қорының жинақтарды қалыптастыру қағидаты мен стратегиялық мақсаттарын  қазақстандықтардың жеке зейнетақы жинақтары қалыптастырылатын БЖЗҚ-мен емес, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорымен (ол өз уақытында дәл осы норвегиялық үлгі бойынша құрылған) салыстырған дұрыс болар еді.