Инвестициялаудың халыққа арналған инновациялық әдістері

 

Инвестициялаудың халыққа арналған инновациялық әдістері

 

Инвестиция (латынша invest – салым) – өз қаражатын көбейте отырып, пайда табу мақсатында капиталды орналастыру және пайда әкелетін активтерді жинау.

Жеке тұлғаларды инвестициялаудың көптеген түрлері бар. Олардың ішінде кең тараған түрі: банктік салымдар, бағалы металдар, жылжымайтын мүлікті сатып алу, бизнес және басқалары болып табылады.

Инвестициялаудың қандай да бір әдісін таңдау оның табыстылық пен тәуекел деңгейінің арақатынасына байланысты болады.

2018 жылдың наурыз айында Қазақстанда алғаш рет Қазақстан Ұлттық Банкі әзірлеген «Invest Online» жүйесі іске қосылды. «Invest Online» жүйесі арқылы Қазақстан Республикасының кез келген азаматы әртүрлі ұйымдарға бармай-ақ, нарықты ұзақ уақыт зерттеуге қажетті арнайы білімсіз, кассадағы кезекке тұру қажеттігінсіз, қағаз құжаттарға қол қоймай-ақ күнделікті сыйақысын есептеу арқылы кепілдік табысын ала отырып, онлайн режимде өз қаражаттарын Қазақстан Ұлттық Банкінің ноталарына инвестициялай алады.

Қазақстан Ұлттық Банкі шығарған бағалы қағаздар (ноталар) тәуекелсіз қаржылық инструмент болып табылады, бұл ретте инвестицияның қайтарымдылығына Ұлттық Банк  кепіл болады, ол дегеніміз қаражаттың қайтарымдылығы бойынша клиент үшін тәуекел жоқ.

«Invest Online» жүйесінің жұмысы негізіне үш инновациялық шешім қалыптасқан. Біріншіден, «блокчейн» технологиясы алғаш рет мемлекеттік деңгейде қолданылуда. Ол дегеніміз әрбір транзакция берік тізілген блокқа бөлінген тізілімге жазылады, ол мәліметтің өзгертілмеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Екіншіден, бағалы қағаздармен жүргізілетін операциялар бойынша төлем жасау үшін Қазақстан Ұлттық Банкімен электрондық ақшалар шығарылды. Үшіншіден, барлық операциялар электрондық құрылғыларда онлайн режимде қолжетімді.

Ноталарды сатып алушылар үшін сомасы мен транзакция санына қарамастан барлық операциялар тегін болып табылады. Аз қаражат болған жағдайда да (тіпті 100 теңге) ешқандай алымсыз және салықсыз Ұлттық Банктің бағалы қағаздарына инвестициялауға болады. Сондай – ақ, жүйенің қолданушылары қажеттілік туындаған жағдайда, кепілденген табысты ала отырып бұрын сатып алған ноталарды сату арқылы оңай және тез өз ақшаларын шығарып ала алады.

«Invest Online» жүйесінде тіркелу үшін жүйенің (www.investonline.kz) Интернет – ресурсына кіру қажет немесе мобилдік қосымшаны жүктеп алу керек.

Ұсынылып отырған инновациялық шешімнің интерфейсі өте ыңғайлы және түсінікті. Клиенттердің жүйеде тіркелуі үшін үш әдіс қарастырылған: Халыққа қызмет көрсету орталығында алынған электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдану арқылы, «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ жеке кабинет арқылы авторландыру немесе «Бағалы қағаздар орталық депозитариі» АҚ жүйесінде ашылған қосалқы шот нөмірі бойынша (егер де жүйенің пайдаланушысымен бағалы қағаздармен операциялар жүргізу үшін бұрын шот ашылған болса) тіркеледі.

«Invest Online» жүйесі тәулік бойы жұмыс істейді (аптасына 7 күн 24 сағат бойы). Клиенттерді қолдау бойынша тәулік бойы қызмет ұйымдастырылғын (Call-центр, 8-800-080-86-68 нөмір және  investonline@csd.kz электрондық пошта бойынша).

 

 

 

 

Лаура Налибаева

ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының

валюталық операцияларды бақылау

бөлімінің бас маман-экономисі