Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының орындалуы туралы

 

Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының орындалуы туралы

 

Ипотекалық қарыз алушыларға мемлекеттік қолдау көрсету шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық Банк 2015 жылдан бастап Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асыруда.

Ұлттық Банк 2015 жылы бөлген 130 млрд теңге банктердің 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде берген және жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген қарыздарды қайта қаржыландыруға бағытталған.

2019 жылғы 1 шілдеде Жамбыл облысындағы банктер Бағдарлама шеңберінде 7,8 млрд теңге сомаға 2 356 қарызды мақұлдады, оның ішінде 6,9 млрд теңге сомаға 2 268 қарыз қайта қаржыландырылды.

Бөлінген қаражаттың толық игерілуіне байланысты, қазіргі уақытта қарыздарды қайта қаржыландыру бұрын қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түсетін ақша есебінен жүзеге асырылады.

2018 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық Банкке 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген халықтың валюталық ипотекалық қарыздары жөніндегі мәселені түпкілікті шешуді тапсырды.

Аталған тапсырманы орындау мақсатында Ұлттық Банктің Басқармасы 2018 жылғы 27 наурызда жаңа редакцияда бекіткен Бағдарлама 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруды көздейді.

Қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландырылуға тиіс екендігін еске саламыз.

2019 жылғы 1 шілдеде Жамбыл облысындағы банктер 0,9 млрд теңге сомаға валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға 238 өтінімді мақұлдады, оның ішінде 0,6 млрд теңге сомаға 156 қарыз қайта қаржыландырылды.

Ағымдағы жылдың 28 маусымында валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылғы 15 шілдедеден 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылғанына назар аударамыз. Осы мерзім аяқталғаннан кейін банктер қарыз алушыларға берешекті өндіріп алуға бағытталған, заңнамада көзделген шараларды қолдануға құқылы. Валюталық ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру үшін қарыз алушылар 2019 жылғы 15 желтоқсаннан кешіктірмей кредитор банкке өтініш беруі қажет.

Бағдарлама талаптарымен «Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау» бөлімінде https://nationalbank.kz/?docid=1552&switch=russian сілтемесі бойынша Ұлттық Банктің сайтында танысуға болады.

 

Дәурен Төлепбергенов

ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының

Қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық

қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын

қорғау бөлімінің бас маманы