Кәсіпкерлікке бет бұру – маңызды қадам

Кәсіпкерлікке бет бұру – маңызды қадам

Аымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың №70 өкімімен жергілікті атқарушы орган басшыларының жұмыс алгоритмі бекітілген. Апта басында аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс сапарымен Билікөл ауылдық округіне барды.Аудан басшысының жұмыс сапары округке қарасты Әбдіқадыр Жүргенұлы ауылынан бастау алды. Онда Нарбай Ергебеков №36 Шоқан Уәлиханов атындағы негізгі мектептің жұмысымен танысып, қысқы жылыту маусымына дайындық барысымен танысты.

Нарбай Әбілқасымұлының округке жасаған сапары Жылыбұлақ ауылында өз жалғасын тапты. Онда Жылыбұлақ бастауыш мектебінің жұмысы, ауылдық медициналық пункттің, ауылдық клубтың жай-күйі назарға алынды. Ауылдағы жалғыз ағарту мекемесі 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Білім ошағында 1 және 4 сынып аралығында 23 оқушы білім алуда. Ал даярлық тобында жеті бала бар. Білім ошағы күрделі жөндеуді  қажет етіп отыр. Шағын мектептің басқа да проблемаларын мекеме басшысы Күлбала Омарова айтып берді. Айта кету керек, аудан басшысы Дарбаза ауылында да болып, ауылдық медпункттің жұмысымен танысты.

Аудан әкімінің жұмыс сапары келесі кезекте ауылдық округтің орталығы Қарабастау ауылында өз жалғасын тапты. Онда бірқатар әлеуметтік нысандар мен ауылдық мешіттің күнделікті жұмыстары мен мәселелері назарға алынды. Сонымен бірге Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепке жылыту қазандығы салынуда. Аудан басшысы Нарбай Ергебеков бұл жұмыстарды да өз көзімен көріп, жұмыстарды жүргізіп жатқан тиісті мердігер компания басшыларына жұмысты сапалы әрі белгіленген уақтысында аяқтауды тапсырды.

Аудан әкімінің Билікөл ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары Қарабастау ауылындағы мәдениет үйінде қорытындыланып, онда бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Жиынды Нарбай Ергебеков ашып, басқосуды ашық әрі еркін форматта өткізуді ұсынды. Алғаш болып ауылдық округтің жаңадан сайланған әкімі Талғат Әмірәлиев ағымдығы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

– Ағымдағы жылдың сегіз айында округте «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Дарбаза ауылындағы Дарбаза көшесін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталды. Сонымен бірге Жылыбұлақ ауылындағы Жылыбұлақ көшесі де орта жөндеуден өткізілді. Шағын кәсіпкерлік саласындағы жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда,- деді Талғат Пернебекұлы.

Келесі кезекте аудан әкімі Нарбай Ергебеков сөз алып, бірқатар мәселелерді сөз етті.

-Биылғы жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей бастамасымен «Қарапайым заттар экономикасы» қанатқақты жобасы қолға алынып отыр. Сіздерді осы жоба аясындағы жұмыстарға белсенді қатысуға шақырамын. Қазіргі таңда кәсіпкерлікке бет бұру маңызды. Жұмыстың көзін тауып, ерінбеген адамға кәсіп көп. Ең алдымен кәсіпкерлікті дамытуға күш салыңыздар дегім келеді.

Жиын барысында ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов, еңбек ардагері Тұрсынбай Паширов, зейнеткер Асқар Тазабеков аудан әкімінен сұрақтарын қойып, бірқатар өзекті мәселелерді сөз етті.

Жиынды аудан әкімі қорыта келе туындаған сұрақтарға жауап берді.