Мемлекеттік қызметке тестілеуден өту қағидаларындағы өзгерістер туралы

Мемлекеттік қызметке тестілеуден өту қағидаларындағы өзгерістер туралы

 

2019 жылдың басынан бастап мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға кандидаттарды тесттен өткізуді ұйымдастыру, бағдарламалары және қағидасына және «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидаларының кейбір тармақтарына жыл басынан бері бірқатар түзетулер енгізілді.

Өзгерістер енгізілмей тұрып, тестілеу рәсімі мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның немесе оның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшісі болып табылатын тестілеу әкімшісінің қатысумен өткізілетін. Бұл тармаққа өзгеріс енгізіліп, ағымдағы жылдың бірінші ақпанынан бастап  тест «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» Акционерлік қоғамының қызметшісі болып табылатын тестілеу операторының қатысуымен өткізілетін болады.

Сондай-ақ, конкурстық рәсімдердің бірінші кезеңінде азаматтар шекті мәндер белгіленетін заңнаманы білуге тестілеу тапсырады. Екінші кезең – бұл жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеу. Үміткер лауазым деңгейіне қарамастан кандидаттар тестілеу барысында күйзеліске орнықтылық, бастамашылдық, жауапкершілік, қызметті тұтынушыға және оны хабарландыруға бағдарлану, адалдық, өздігінен даму, жеделділік, ынтымақтастық және әрекеттестік, қызметті басқару, шешім қабылдау, көшбасшылық, стратегиялық ойлану, өзгерістерді басқару деңгейін анықтауға арналған тапсырмалардан жауап беруі тиіс.

Бұл мемлекеттік қызметші үшін қажетті сапаның негізгі жиынтығы. Мемлекеттік қызметке түсуге үміткер азамат этикалық нормалар мен стандарттарды сақтау қажеттілігіне дайын болуы тиіс. Тестілеу сондай-ақ растық (шынайылық) деңгейін анықтауға арналған сұрақтарды қамтиды. Егер растық (шынайылық) нәтижелер 50 пайыздан аз болса, тестілеу өтпеді деп есептеледі және бір айдан кейін қайта өтуге болады.

Бірінші ақпаннан бастап мемлекеттік органдар арасында конкурстар өткізу кезінде қағаз құжат айналымын алып тасталынады. Бірінші ақпаннан бастап заңнаманы білуге тестілеуден өту туралы сертификатты және жеке қасиеттерін бағалаудан өту туралы қорытындыны ұсыну талап етілмейді. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) «Е-қызмет» интегралды ақпараттық жүйесі арқылы кандидаттың тест қортындысын тексереді.