«НЕСИЕМ ӨТЕЛІП, ТҰРМЫСЫМ ЖЕҢІЛДЕДІ»

«НЕСИЕМ ӨТЕЛІП, ТҰРМЫСЫМ ЖЕҢІЛДЕДІ»

дейді нұрлыкенттік «Күміс алқа» иегері Райхан Ақжігітов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қарызға батқан азаматтардың жағдайына бей-жай қарай алмайтынын айтып, оларға тиісті әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Жарлыққа сәйкес өмірлік қиын жағдайда қалған жандардың екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы кепілсіз тұтынушылық қарыздары өтелуде.

Осы ретте өз атына ресімделген тұтынушылық несиесі мерзімінен бұрын жабылып, қуанышқа кенелгендер арасында жуалылықтар да бар. Әсіресе, Нұрлыкент ауылының тұрғыны, көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері Райхан Ақжігітованың ризалығында шек жоқ.

– Мен «сіздің банктегі несиеңіз өтелді» деген хабарлама келгенде, оған әу баста сенген жоқпын. «Каспий банктен» алған екі несием, ал «Хоум кредит» банкте бір несием бар еді. Өткен жылы дәл Тәуелсіздік күні мерекесінде «ТехноДом» сауда үйіндегі «Каспий банк» өкілдері арқылы 206 мың теңгеге несие рәсімдеп, плазмалық теледидар алған едім. Тағы 300 мың теңге көлемінде ақшалай несие, наурыз айында «Хоум кредиттен» ұялы телефонды несиеге алдым. Алған несиемді әр айдың басында айма-ай өзім төлеп келе жатыр едім.

Енді, міне, несиемнің өтелгені отбасымның табысына, тұрмыс жағдайына әжептәуір әсер етіп отыр. Қиын сәтте дем беріп, біздей көпбалалы ананы өз қамқорлығына алғаны үшін Президент Тоқаев мырзаға және Үкіметке айтар алғысым шексіз,- дейді көпбалалы ана.

Райхан Ақжігітова одан бөлек, балаларына әлеуметтік жәрдемақы алатынын, мектеп, спорт киімдері берілетінін, мектепте бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отырғанын ризашылық сезіммен айтты.