ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША ҰСЫНЫСТАР БЕРІЛДІ

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША ҰСЫНЫСТАР БЕРІЛДІ

Жуалы аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысты кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды.

Сейітхан Шерелханұлы коронавирус пандемиясына байланысты карантин режімінің жариялануына байланысты отырыстың кейінге қалдырылып келгенін айта келіп, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сай азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелер жөнінде пікір білдіру қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылатынын атап көрсетті.

Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Алғаш болып аудан әкімдігі экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлбара Бекмұрзаева  20202022 жылдарға арналған аудан бюджетіне енгізілген өзгерістер туралы баяндады. –  Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің 005 «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасына аудандық бюджет қаражаты есебінен қарастырылған 146,0 млн. теңге үнемделіп, қысқартылды. Үнемделген қаржы есебінен аудан әкімдігінің білім бөліміне Амангелді, Тастандиев, Жамбыл атындағы орта мектептері мен Жылыбұлақ бастауыш мектебінің ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен бірге, қысқартылған қаржы есебінен бағдарлама әкімшілері ұсынған бірқатар шығындар қарастырылып отыр. Бұл аудан әкімдігінің тоғыз бөлімінің және 14 ауылдық округ әкімі аппаратының функционалдық міндеттерін және салалар бойынша халықтың сұранысын қамтамасыз етуге қосымша 100 429,0 мың теңге бағыттау көзделуде. Мәселен, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі мекемеге турникет сатып алуға, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірқатар ауылдық кітапханалардан цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашуға, Шақпақата ауылындағы жеке тұлғаның меншігіндегі бұрынғы мәдениет үйінің ғимаратын сатып алуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бөлімнің жұмыс ауқымының кеңеюіне байланысты штаттан тыс инспекторды ұстауға, Қарабастау ауылында ауыз су құбырын жүргізуге сұраныстар білдірді, – деді Гүлбара Нұрманқызы. Қоғамдық кеңес төрағасы Сейітхан Жұмашев баяндамада айтылған Қарабастау ауылына ауыз су құбырын тартуға ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі сұраған 12 620 мың теңгенің мақсатты жұмыстарды атқаруға толық жететініне күмән келтіріп, баяндамашыдан оған түсініктеме беруді сұрады. Алайда, баяндамашыдан анық жауап ала алмағаннан кейін ол бұл сауалды отырысқа арнайы шақырылған бөлім басшысы Ерболат Сейітбековке қойды. Бөлім басшысы Билікөл ауылдық округіне қарасты Дарбаза, Жылыбұлақ ауылдарына ауыз су құбырын жүргізгенде құбырдың округ орталығы – Қарабастау ауылының басты көшесінің бойымен тартылғанын еске сала келе, ауылдың 4-5 көшесіне су осы бас көшедегі су таратқыш арқылы берілетінін алға тартты. Ол жұмысты осылай атқарғанда, қосымша шығыстарды қажет етпейтініне сендірді. Келесі кезекте аудан әкімдігі білім бөлімінің бөлімге қарасты білім беру мекемелері мен мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары көрсететін қызметтері  туралы бөлімнің бас маманы Салтанат Қауқаева баяндама жасады. Баяндамашы Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 13 сәуірдегі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына сәйкес бөлімге қарасты білім мекемелері алты, мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары екі түрлі мемлекеттік қызмет көрсететінін атап көрсете келе, бірқатар білім беру және мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарының Заң аясында көрсеткен қызметтеріне тоқталды.  Қоғамдық кеңес мүшелері Кәрібай Құрмашев, Керімқұл Бегалиев талқыланған мәселеге қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын білдірді. Отырыста кеңес жұмысын ұйымдастыруда белсенділік көрсетпей жүрген бірқатар мүшелерді өз өтінішімен кеңес құрамынан шығару туралы мәселе қаралды.  Кеңес жұмысын кеңес төрағасы С.Жұмашев қорытындылап, айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті басшылық орындарға ұсынылатынын және орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.