Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанынан құрылған Жұмысшы топ ауданда болды

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанынан құрылған Жұмысшы топ ауданда болды

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру туралы ұсыныстарды зерделеу және жинақтау мәселелері жөніндегі жұмыс тобының басшысы, «Nur Otan» партиясының консультанты Мансия Исказина жұмыс сапарымен ауданда болды.

Жуалы ауданына келген құрамында жұмыс тобының басшысы, «Nur Otan» партиясының консультанты Мансия Исказина, ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқықтарын қорғау комитетінің маманы Әлия Жекенова бар жұмыс тобын аудан әкімі Нарбай Ергебеков қабылдады. Мансия Аяпбергенқызы өңірлерде аталған бағытта «Бақытты отбасы» партиялық жобасының табыспен іске асырылып жатқанын еске сала келе, аймақ басшысын жобаның бірқатар бағыттарының орындалу барысынан хабардар етті. Нарбай Әбілқасымұлы өз кезегінде ауданда балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстыра келе, топ жұмысына сәттілік тіледі. Ол сондай-ақ, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда бір ғана лагерьдің аздық ететінін айтып, аудан аумағында орналасқан, алайда бұрын көршілес Талас ауданының меншігіне өткен «Жұрындысай» сауықтыру лагерін аудан меншігіне алуды қарастыру, оқушы жастардың бос уақытын тиімді өткізу және түрлі қабілеттерге бейімдеу мақсатында оқушылар сарайын салу, жақында ашылған мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығын қаржылай демеу мәселелерін шешу туралы ұсынысын жеткізді.
Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде болғанда жұмыс тобының мүшелері мекемеде балалардың жаттығуына және спортпен шұғылдануына жасалған жағдаймен танысты. Олар жасөспірім спортшылар жуынатын, шешінетін бөлмелерді аралап, жабдықталуына, спорт құрал-саймандарының жұмысына назар аударды. Жұмыс тобымен бірге жүрген аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаевқа, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметоваға, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетовке мінезі қиын балаларды спортқа тарту арқылы түзеу шараларына, сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балалардың да спортпен шұғылдануына жағдай жасау қажеттігіне баса көңіл бөлу қажеттігін ескертті.
Жұмыс тобы келесі кезекте аудан әкімдігі білім бөлімінің психикалық-педагогикалық түзету кабинетіне аялдап, мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту шараларының барысына қанықты. Топ басшысы Мансия Исказинаны мекемеде балалар церебралды параличі, аутизм, Даун синдромы ауруларына шалдыққан балалармен жасалатын педагогикалық-психологиялық түзету жұмыстары қызықтырды. Олигофренопедагог, логопед, психолог және дефектолог мамандардың кабинеттеріне жеке-жеке кіріп көріп, олардың жұмысына зер салды.
№ 15 мектеп-лицейде аз қамтылған отбасылардан 50 оқушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Мұнда топ басшысы асхананың ас мәзірінен бастап, тазалығы, тағамдардың дайындалуы, бөлінуі мен таратылуына дейінгі жұмысының барысын қадағалады.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында жұмыс тобының мүшелерінің қатысуымен аудандағы балалар құқығы мен заңды мүдделерін қорғауға қатысы бар мекемелер басшыларымен және мектеп директорларымен өткен жиында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Қойкенов пен аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов, құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелері тарапынан ауданда кәмелетке толмағандармен және суицидтің алдын алу жұмысының барысы, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов атаулы әлеуметтік көмек алушылар отбасылардың жағдайы, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің м.а. Нұрбай Ергебеков аудандағы аналар мен балалар денсаулығы, кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алу, түрлі психикалық ауруларға шалдыққан балалармен жұмыс туралы баяндап берді.
Жұмыс тобы аудандық орталық аурухананың  қабылдау бөлімін, күндізгі стационарды және балалар бөлімін аралады. Мансия Аяпбергенқызы профилактикалық екпенің халықтың денсаулығы үшін маңызын айта келе, олардан бас тартқан азаматтармен жұмыстың қай деңгейде жүргізіліп жатқанын сұрастырды.
Сондай-ақ Мансия Исказина №1 мектеп-гимназияда мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арналған инклюзивтік кабинеттің жабдықталуымен, әлеуметтік педагогтар мен психологтардың жұмысын саралады, мектеп асханасының ас мәзірімен танысты.

Келесі кезекте жұмыс тобы Нұрлыкент ауылында мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алушы алты баланың анасы Райхан Ақжігітованың отбасында болып, оның тұрмыс жағдайымен танысты. Райхан Ақжігітова балаларына әлеуметтік жәрдемақымен қатар мектеп киімі, спорт киімдері берілетінін, мектепте бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отырғанын ризашылық сезіммен айтты. Тағы бір қуанышты жағдай, жақында оның банк алдындағы қарыздары да өтелген екен. Отанасы көрсетілген көмек-қолдау үшін Мемлекет басшысына зор алғысын білдірді. Мансия Исказина ауылдық округ әкімі Нұржігіт Бөлекбаевқа, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұловқа көпбалалы отбасының қосымша табысын арттыру үшін жұмыспен қамту шараларына тарту қажеттігін тапсырды.