«Еліміздің дамуына жаңа серпін береді»

«Еліміздің дамуына жаңа серпін береді»

дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев аудан тұрғындарымен болған кездесуде Бір аптадан бері ел қалаулылары аудандарға шығып, елмен кездесіп, Елбасының бес әлеуметтік бастамасын халыққа жеткізуде. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бекболат Тілеухан, Әбдіманап Бектұрғанов пен Жанат Омарбекова бар. Бұл елге танымал азаматтар жұмыс сапарымен ауданда болып, халықпен кездесіп, біраз нысандарды аралаған болатын. Енді, міне, өзіміздің жерлесіміз, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев ауданға жұмыс сапарымен келіп отыр.

Абдалы Тоқбергенұлы жұмыс сапарын Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылындағы «Зылиха» шаруа қожалығының жұмысымен танысудан бастады. Қожалық жетекшісі Керімқұл Бегалиев шаруашылық жұмысымен таныстыра келіп, тұқым мәселесін көтерді. Ол қант қызылшасына жасалып отырған мемлекеттік қолдау картоп өсірушілерге картоп тұқымын шетелден алуға да жасалса деген өтінішін жеткізді.

Сондай-ақ, сенатор қожалық ауласында Түктібай ауылының тұрғындарымен кездесіп, Елбасының бес әлеуметтік бастамасы туралы айтып берді. Сенатор кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамыту, несиелендіру туралы  да айтып өтті.

–      Шағын несие беруді көбейту туралы біз өңірлерде болып, әсіресе, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізгенде үнемі естіп жүрміз. Елбасының үндеуде көтеріп отырған төртінші бастамасының бір бағыты ауыл шаруашылығы бағытындағы шағын және орта кәсіпкерлікті несиелендіруге бағытталып отыр. Сондықтан да үстіміздегі жылы осы мақсатқа қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, шағын несие алатындардың саны 14 мың адамға жететіндігі  – Елбасының, ең алдымен, ауылға деген айрықша қамқорлығы  деп білемін. Елбасының бұл үндеуі еліміздің дамуына жаңа серпін береді деп санаймын,- деп қорытындылады ойын Абдалы Тоқбергенұлы.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып ауыл тұрғындары Сұлтанхан Әбдірамбаев пен Орынбасар Шыршықбаев ауылда мал басының артуына байланысты жайылымдық жердің тарылғанын, кейбір жайылымдық жердің кезінде заңсыз егістікке айналып кеткенін айтты. Енді ол жерлерді кері қайтаруға қолдау көрсетуін сұрады. Сонымен бірге ауыл маңайындағы электр бағандарының шіріп тұрғанын, оны ауыстыру керектігін және зейнеткерлерге демалыс орындарына жеңілдетілген жолдама берілсе деген мәселені көтерді.   Ал, қожалық төрағасы Керімқұл Бегалиев бүгінгі таңда ауыл қорымының астынан шығып жатқан бұлақ суын тұтынып отырғанын айта келіп, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауылға ауыз су жүйесін жүргізуді жақын жылдарға қойса дейді.

Ауыл тұрғындары көтерген мәселелерге Абдалы Нұралиев жауап беріп, сапарын одан әрі жалғастырды. Бұдан кейін сенатор «Бурное сүт компаниясы»  мен «Ақсай- 2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде болды. Зауыттың жұмысы туралы Әбдібек Пошқаев айтып берді. Ал «Ақсай-2016» АШӨК жұмысымен оның төрағасы  Нұрқанат Әбзелбеков таныстырды. Бүгінгі таңда сүт және ет бағытында жұмыс істеп жатқан кооперативтің 131 мүшесі бар. Олар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 472,2 млн. теңге несие алып, мал басын арттырып отыр. Соның бірі Саят Батырбаев. Ол ет бағытында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы алған 4 млн. несиесіне 19 бас бұқаны қорасында бордақылауда. Кооперативтің жұмысымен таныстырған Нұрқанат Әбзелбековке Абдалы Тоқбергенұлы табыс тілеп, аттанды.

Сенатормен аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев бірге жүріп, жол көрсетіп, ауыл тұрғындары көтерген кейбір сұрақтарға сол арада жауабын беріп отырды.

Марат Құлибаев.

Суретті түсірген

Сәбит күзембаев,

«Жаңа өмір»