Халықтың әлеуметтік жағдайы бәрінен маңызды

Халықтың әлеуметтік жағдайы бәрінен маңызды

Елбасының барлық бастамалары халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдауға бағытталған. Соның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  наурыз айында жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа арнаған Үндеуінің орны бөлек. Нақтырақ айтқанда, бес әлеуметтік бастама – халқымыздың игілігін арттыра отырып, мемлекетіміздің тұрақты дамуы жолындағы ұлы мақсаттарды қамтамасыз ететін теңдесі жоқ, ерекше серпінді жоба. Оны табысты жүзеге асыру жолында  Парламентке де зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Енді, міне, Парламенті Мәжілісінің депутаттары өңірлерге шығып, халықпен кездесулер өткізіп, Елбасы Үндеуін халыққа жеткізуде.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жуалы ауданында   жұмыс сапарымен болып, халықпен кездесіп, бірнеше мекеме мен нысандардың жұмысымен танысып шықты. Алдымен ауданға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан келді. Бекболат Қанайұлы Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты аймақта орналасқан «Нұрлы Солар» күн электр стансасы мен «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  жұмысымен танысты. Ертеңіне Бекболат Тілеуханның ізін басып ауданға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әбдіманап Бектұрғанов пен Жанат Омарбекова келді. Мәжіліс депутаттарын Бауыржан Момышұлы ауылына кіреберіс арка алдында аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов пен аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай қарсы алды. Депутаттар сонда соғылып жатқан «Мәңгілік Ел» саябағы мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ашылған «Жуалы ауданының Құрметті азаматтары» аллеясымен танысты.

Бұдан шыққан соң Мәжіліс депутаттары халқымыздың мақтанышы, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы мұражайына соғып, батыр рухына тағзым етті. Ондағы экспонаттармен танысып,  тілек кітабына ізгі тілектерін жазып қалдырды.

Уақыттың тығыздығына байланысты Парламент Мәжілісінің депутаттары Жанат Әнуарбекқызы мен Әбдіманап Елікбайұлы екі бөлініп, бірі аудандық орталық ауруханаға, енді бірі «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалына барды.

Аудандық орталық аурухананың мәжіліс залында осы мекеме қызметкерлерінің қатысуымен өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Нарбай Ергебеков ашып, алғашқы сөзді Мәжіліс депутаты Жанат Омарбековаға берді.

–      Құрметті жиынға қатысушылар. Ең бірінші байлық – денсаулық. Сіздердің бүгінгі таңда адам денсаулығын жақсартуға қосып отырған үлестеріңіз зор.   Біздің бүгінгі таңда сіздердің алдарыңызға келіп отырғандағы басты мақсатымыз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа арнаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін насихаттау. Өздеріңіз білетіндей, Елбасы: «Халықтың әлеуметтік жағдайы бәрінен де маңызды, әрбір қазақстандық сапалы, жақсы қызмет алып, өмір сүрсе екен» дейді. Сол үшін де білім беру, денсаулық сақтау салаларында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Оны өздеріңіз де көріп, біліп отырсыздар. Өз басым осы үндеудегі «7-20-25» бағдарламасы – еліміздегі тұрғын-үй мәселесін толықтай шешуге бағытталған ірі қадам деп санаймын. Бұл дегеніміз – елімізде баспана мәселесін шешумен қатар, құрылыс компанияларына жұмыс көлемін берумен қатар мыңдаған жұмыс орындары ашылады деген сөз. Бұдан бөлек Президенттің еңбекақысы төмен адамдар үшін салықтық жүктемені 1 пайызға дейін төмендету туралы тапсырмасы да өте қуанышты жаңалық болды, – дей келіп, Жанат Әнуарбекқызы бұл тақырып аясында жиналғандарға мол ақпарат беріп, мекеме басшысын әңгімеге тартты. Ондағы мақсат – аудандық аурухананың проблемалық мәселелерімен танысу болатын.

Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбай орталық аурухананың қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталғанын жеткізді. Бірақ бүгінгі таңда республика деңгейінде ауруханаларға бөлінетін қаржылардың қысқартылып жатқанын, соның салдарынан коммуналдық төлемдерді төлей алмай отырғанын айтты. Бас дәрігердің және бір көтерген мәселесі жол апатына қатысты. Бүгінгі таңда көбіне көп жол апаты «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінде орын алып отыр. Оған себеп жол бойында жол айрықтарының дұрыс жасалмауынан және ауданның таулы аймақта орналасқандығынан тұманның жиі түсуі салдарынан жол көлік оқиғалары жиілеп, жарақатпен ауруханаға түскендер саны едәуір артқан.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып аурухана дәрігері Руслан Райымбек: «Зейнет жасына келіп қалдым. Зейнетақы жинақ қорымда төрт миллионға жуық қаржы бар. Енді оны ала алмайсың дейді. Оны әр жылға шашып жіберіп, зейнетақыға қосып береді екен. Бұрынғыдай бөліп беретіндей етіп қайта жасаса болмай ма?» деп сұрақ қойды. Жиын барысында түскен осы және басқа сұрақтарға Жанат Әнуарбекқызы жан-жақты ақпарат бере отырып жауап беріп, жиынды қорытындылады.

Ал «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында Әбдіманап Бектұрғанов «Көш көлікті болсын!» атты республикалық акция аясында көші-қон мәселесі бойынша аудан тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға екі адам жазылды. Б.Момышұлы ауылының азаматы Жұлдызхан Алламұратова 2013 жылы көшіп келгенін айта келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуды оралмандар үшін жеңілдетуді сұрады. Ал Көлбастау ауылының тұрғыны Айгерім Сыдықова «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында ауданға келген жас мамандарға баспана сатып алуға үкіметтен арнайы қаражат бөлінсе деген ұсынысын жеткізді. Ауыл азаматтары көтерген мәселелерді қарай келіп,  Әбдіманап Елікбайұлы бұл ұсыныстарды жоғарыға жеткізетіндігін айтты.

Бұдан кейін мәжіліс депутаттары аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның акт залында аудан мектептерінің директорлары және ұстаздар қауымымен жолығып, келелі әңгіме өткізді.

Сондай-ақ кестеге сәйкес депутаттар «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде және «Халыққа қызмет көрсету орталығында» болды. «Бурное сүт компаниясында» болған кезде зауыт жұмысымен зауыт директоры Әбдібек Пошқаев таныстырды. Оның айтуынша, зауыт күніне 23-25 тонна сүт қабылдайды. Сүт көлемі жаз айларында 60 тоннаға дейін артады. Зауыт шикізат жеткізіп беретін 141 сүт тасымалдаушымен келісімшартқа отырған. Ал зауытта барлығы 92 адам қысы-жазы еңбек етеді. Зауыттың жылдық табысы 1 миллиард 400 миллион теңгені құрап отыр. Зауытта өндірілген өнім елімізден бөлек Ресейдің Самара мен Мәскеу қалаларына экспортқа шығарылады. Зауыт директоры бүгінгі таңда бетпе-бет ұшырасып отырған проблемасымен де бөлісті. Атап айтар болсақ, зауытқа өндіріс қуаттылығының артуына байланысты электр жүйесін жаңарту керек екен. Соның ішінде трансформаторды ауыстыру мәселесі тұр. Билік «Бизнестің жол картасы» аясында трансформатор алуға көмек көрсетсе дейді. Сондай-ақ отандық техникалардың сапасы сын көтермейді және  өте қымбат. Сол үшін техникаларды шетелден алып отырғанын айтқан зауыт директоры: «Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін отандық техникалардың сапасын жақсартып, бағасын арзандату керек. Сонда ғана біздің кәсіпкерлер шетелдік кәсіпкерлерден асып түсетін болады» деген Әбдібек Пошқаевтың сенімді сөзі Парламент Мәжілісі депутаттарын қуантып тастады. Халық қалаулыларына жаңа ғимаратқа көшкен «Халыққа қызмет көрсету орталығы» мен ондағы жұмысы барысы  да ұнағандай. Соңғы аралаған нысандардан Парламент Мәжілісінің депутаттары марқайып шықты.

 

 

Марат Құлибаев.

Суреттерді түсірген

Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,

Жаңа өмір»