Сенаторлар ауданда болды

Сенаторлар ауданда болды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бір топ депутаты Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында ауданымызға да арнайы атбасын бұрды. Онда сенаторлар аудандағы агроқұрылым және ауыл шаруашылығы саласының көшін бастап тұрған үлкен шаруашылық – «Гамбург» ЖШС-де болып, серіктестіктің жұмысына қанықты.

Парламент Сенатының аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев бастап келген Сенат депутаттарын аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов аудан шекарасынан  күтіп алып, оларды «Гамбург» ЖШС-ның базасы орналасқан Нұрлыкент ауылына бастап алып келді.

Шаруашылықтың базасы да, жер көлемі де үлкен аумақты алып жатыр. Жұмысы да соған сәйкес сан-салалы. Бүгінде сауын сиырдың саны 1000 бастан асып жығылады. Сонымен бірге ірі қара және шошқа бордақылаумен де айналысады. Серіктестікте  1200 бас сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы қызу жүріп жатыр. Шаруашылықтың жұмысы және алға қойып отырған жоспарлары туралы серістестіктің директоры Егор Кох  айтып берді. Ол сонымен бірге шаруашылық жұмысын жүргізу барысында проблемалық мәселелерге де кездесіп отырғанын жасырмады. Оның айтуынша, жеңілдетілген несие және субсидия алуда бірқатар қиындықтар туындап отырғанын жеткізді. Оның басты себебі – саладағы бағдарламаларда кеткен кемшіліктер. Айта кету керек, серіктестік 2500 гектар жерге малдың жем-шөп қоры үшін егістік және көпжылдық шөп егеді. Оның 1200 гектарына жаңбырлатып суғару қондырғысы қойылған. Былтырғы жылы тиісінше қомақты қаражатқа лизинг жүйесімен жаңбырлатып суғару қондырғылары алынған екен. Сенаторлар егістік басында да болып, серіктестіктің жұмысымен кеңінен танысып, оған жақсы баға берді. Сенаттың аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев Егор Кохтың көтерген мәселелерінің орынды екенін және оның назарға алынатындығын жеткізді.

Сенаторлардың келесі аялдаған нысаны – «Нұрлы Солар-1» күн электр стансасы болды. Орта Азияда  баламасы жоқ бұл нысан жылына 50 МВт дейін күннен электр энергиясын өндіреді. Мұндағы қойылған күн панельдері 100 жылға дейін тоқтаусыз энергия өндіруге қауқарлы. Өйткені, теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан таулы Жуалы ауданының  қоңыржай климаты, салқын самалы күн панелдерінің ыстыққа күйіп кетпей жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда аталған күн электр стансасының жанынан қосымша жер бөлініп, мұнда да жылына 50 МВт күн электр энергиясын өндіретін стансаның екінші кезеңі салынуда. Бұл құрылыс биылғы жылы аяқталады деген жоспар бар. Стансаның жұмысы туралы «Нұрлы Солар-1» ЖШС-ның техникалық директоры Иван Забарин айтып берді. Сенаторлар стансаның жұмысына да сәттілік тілеп аттанды.

Нұржан Манасұлы,

«Жаңа өмір»