Үлкен жолдың бойы – үлкен мәселеге айналуда

Үлкен жолдың бойы – үлкен мәселеге айналуда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайын Қазақстан халқына арнайтын Жолдаулары және тәуелсіз еліміз бен халқымыздың болашағына байланысты жасалатын «тағдыршешті» қай үндеуінің де астарында, түпкі мағынасында ел экономикасының өркендеуі, халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайының жақсаруы, жастардың болашағы, бір сөзбен айтқанда тәуелсіз отанымыздың гүлденуі жатады. Бұған ешкім де күмән келтіре қоймас. Себебі Жолдаулардың негізінде жыл сайын нақты-нақты жоспарлы жұмыстар қолға алынып, үндеулер халықтың мұң-мұқтажымен терең үндесіп жатады.

«Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек, бұған ұйқасты өлең, сөз керек» деп Шәкәрім ақын жырлағандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі басқа үндеулерден өзгерек болып тұр. Бес әлеуметтік бастаманың бүкіл өне бойында халықтың жүрегінен орын алып, көңілге көктем нұрындай қуаныш ұялататын мақсатты қадамдар айтылған. Мысалы «7-20-25» бағдарламасы халықтың баспанаға мұқтаж әлжуаз тобын баспанамен қамтуға үлкен серпіліс, мол мүмкіндік беріп отыр. Айта берсе, Елбасы Үндеуінде дәл қазіргі уақытта ел халқына ең қажет деген бес бастама орынды көрініс тапқан.

Жақында облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов ауданға жұмыс сапарымен келді. Ондағы мақсат – зиялы қауыммен және жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, пікір алмасу, сонымен бірге ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдау болатын. Айта кету керек,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі де жиынның негізгі өзегіне айналды. Сонымен облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов аудандағы алғашқы кездесуін Қарасаз ауылдық округінен бастады. Ауылдық округ әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен кездесуге ауыл ақсақалдары және әлеуметтік мекемелердің басшылары, қоғамдастық кеңесінің мүшелері шақырылған екен. Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков ашып сөзді облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақовқа берді.

-«Көктемнің әр күні жылға азық» деген қағиданы бәріңіз білесіздер. Дәл қазір көктемгі дала жұмыстарының қызған шағы. Төрт түліктің төлдеп жатқан мезгілі. Бір сөзбен айтқанда, жер еміп, мал баққан ауылдағы шаруақор ағайын үшін өте қауырт шақ. Ең біріншіден сіздерді көктемнің келіп, жылдың басталуымен құттықтаймын. Өздеріңізге мәлім, осыдан екі ай бұрын облысқа жаңа басшы тағайындалды. Жамбыл облысына әкім болып тағайындалған Асқар Мырзахметовты былайғы жұрт  іскер басшы, озық ұйымдастырушы ретінде жақсы біледі. Осы ретте өңір басшысы Асқар Исабекұлы облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қайта қарап жатыр. Өңірдің дамуында қандай жетістіктер мен кемшіліктер бар, оны сіздер облыстық бұқаралық ақпарат құралдарынан күнделікті естіп, оқып, біліп отырасыздар. Дегенмен, жаңа басшы осынау екі айдың ішінде бірқатар маңызды шаруаларды қолға алды. Салалық басқарма басшыларына істі ілгерілетуге нақты-нақты тапсырмалар жүктеп отыр, – деп бастады сөзін Бағлан Жиенәліұлы. – Мен өз басым жұмыс бабымен халықтың арасында, әсіресе ауылдық жерлерде көп боламын. Сонда ауылдарда әлеуметтік нысандардың көптеп салынып жатқанын, тұрғындардың әл-ауқатының жылдан жылға жақсарып келе жатқанын көреміз. Облыста бюджеттің түсімі артып келеді. Соңғы 10 жылдықта аудандардың бюджеті 10 есеге дейін өсті. Бұл әрине, облыс халқы үшін қуантарлық жағдай.

Осылай деген Бағлан Жиенәліұлы  Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы»  атты Үндеуіне де кеңінен тоқталды. – Елбасының бұл Үндеуі өз кезегінде сөз жоқ, халық көңілінен шығып отыр. Мысалы, «7-20-25»  бағдарламасы бойынша баспанаға мұқтаж жандарға жеті пайызбен 25 жылға дейін ипотекалық несие беру ісі бұрын тарихта болмаған қуаныш. Сонымен бірге  төменгі айлық алатын қызметкерлердің жалақысы бойынша табыс салығын 10 пайыздан бір пайызға дейін төмендету бастамасы, Солтүстік өңірлерді, оның ішінде ел ордасы – Астана қаласын газдандыру бастамалары. Осындай маңызды жұмыстарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік жылдарындағы сындарлы да салиқалы саясатының жемісі деп білген жөн. Елбасының бұл бірегей бастамасы халықтың экономикалық тұрғыдан өсіп, әл-ауқатының жақсаруына үлкен серпін береді деп сенемін,- деді мәслихат хатшысы.

Кездесу барысында Қарасаз ауылдық округі бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов, Ақбастау ауылының ақсақалы Аманқұл Тұрмаханбетов сөз алып, бірқатар мәселелерді көтерді. Олар Қарасаз ауылында ауыз су мен жол жөндеу мәселелерінің шешімі кешеуілдеп жатқанын, сонымен бірге Ақбастау ауылында орналасқан №16 Жуалы колледжінің жатақханасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, аталған ауылда типтік балабақша салу мәселелерін көтерді. Өз кезегінде Сағындық Тоқбергенов «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің төңірегінде қалыптасып отырған проблеманы терең зерделеу керектігін айтты. Оның айтуынша, Қарасаз және Ақбастау ауылдарының тұсында жаяу жүргіншілер үшін көпір немесе арнайы жолақтар мүлдем жоқ. Соның салдарынан аталған ауылдарды айтпағанның өзінде, аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдық округтердің тұрғындарының өміріне қауіп төніп отыр.

Облыстық  мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов сұрақтарды мұқият тыңдай келе, бюджет саясатында ауылдық округ әкімдеріне төртінші бюджет берілгенін айтты. – Мысалы, жаңа ғана округ әкімінен хабардар болғандай, әкімдіктің есеп шотында 40 млн. теңге бюджет қаражаты бар. Осы қаражатты жергілікті қоғамдастық мүшелерімен ақылдаса отырып жұмсасаңыздар, кейбір ұсақ-түйек мәселелерді оң шешуге болады. Бұл «Жергілікті басқару және өзін өзі басқару» Заңының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Аудандық мәндегі жолдарды ауданның  өзі жөндейді. Ауылда әлеуметтік нысан салу ісінде де терең зерделеу жұмыстары қажет. Ал, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы елдімекендердің тұсынан айналмалы көпір немесе жаяу жүргіншілер жолағын салу бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Мен бұл мәселе бойынша тиісті министрдің қабылдауында болдым. Бұл халықаралық автобан болғандықтан мәселелерді шешуде  халықаралық келісім қажет. Оның үстіне жолдың екі жағындағы да 35 метр жер сол жолға тиесілі екен. Бұл мәселенің министрлік тарапынан да шешілетін түрі жоқ. Осыдан 10 жыл бұрын үлкен автодәлізді саларда жасалған жобада кеткен кемшілік осы күнге дейін басы ашық мәселе күйінде қалып отыр,- деді ол.

***

Келесі кезекте облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов Шақпақ ауылдық округінде болды. Ол ең алдымен  округ орталығындағы құрылыс материалдарын сататын және ағаш тілетін шағын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Ауыл тұрғыны Еламан Пернешов басқаратын «Хадиша апа» шағын жеке кәсіпкерлігі бүгінде бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда күніне 10 ,3 (куб) ағаш тілінеді. Ыдыс-аяқ, үстел-палатканы да ауыл тұрғындарына қолжетімді бағамен жалға беру де жолға қойылған. Темірден жасалатын тұрмыстық заттарды да осында тапсырыс беріп жасатуға болады. Нысанды аралап көрген Бағлан Жиенәліұлы жас кәсіпкердің жұмысына оң баға беріп, сәттілік тіледі. Ары қарайғы жиын ауылдағы №4 Өнер мектебінің акт залында жалғасын тапты. Мұнда да мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін және басқа да мәселелер бойынша кеңінен айтып берді. Жиын барысында ауыл тұрғындары Смайыл Көбесов, мектеп директорлары Нұрмахан Тыныбеков, Айгүл Имашева бірқатар мәселелерді ортаға салды. Бұлардың барлығына мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов кеңінен зерделей отырып жауап берді. Мысалы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы проблема Шақпақ ауылдық округін де айналып өткен жоқ. Ауыл тұрғындары жол қатынасының қиындап отырғанын алға тартты. Бұл сұрақ бойынша да толыққанды  жауаптар берілді.

Облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақовтың зиялы қауыммен және жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездесуі ары қарай Ақсай, Көкбастау, Қызыларық, Күреңбел, Жетітөбе, Боралдай, Қошқарата, Билікөл ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Соңғы бес  ауылдық округте көгілдір отын – газ тарту мәселесі т.б. мәселелер бар екені белгілі. Бұл жөнінде де пікірлер алмасылып, тиісті жауаптар берілді.

Округтегі жиындар барысында облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақовтың жанында аудан әкімінің орынбасарлары Айбар Әділбақов және Нарбай Ергебеков  еріп жүрді.

 

 Нұржан Манасұлы,

сурет автордікі.

«Жаңа өмір»