Резиденттердің капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар үшін және шетелдік банктердегі шоттар үшін есептік нөмірлерді алу тәртібі

 

Резиденттердің капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар үшін  және шетелдік банктердегі шоттар үшін есептік нөмірлерді алу тәртібі

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 10 сәуірдегі №64 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларына сәйкес (бұдан әрі – Қағидалар), капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттар есептік тіркелуге тиіс, олардың шеңберінде мыналар көзделген:

1) мүліктің (ақшаның) Қазақстан Республикасына түсуі және (немесе) резидентте бейрезидентке мүлікті (ақшаны) қайтару бойынша баламасы 500 000 (бес жүз мың) Америка Құрама Штаттарының (бұдан әрі – АҚШ) долларынан асатын сомаға міндеттемелердің туындауы;

2) мүлікті (ақша аударымын) Қазақстан Республикасынан беру және (немесе) резидентте бейрезиденттің мүлікті (ақшаны) қайтару бойынша баламасы 500 000 (бес жүз мың) АҚШ долларынан асатын сомаға талаптардың туындауы.

Егер капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартта оған қол қойылған күні (ол болмаған жағдайда – күшіне енген күні) шарттың сомасы көрсетілмесе, онда капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт есептік тіркелуге тиіс шарт ретінде қаралады.

Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа қатысушы-резидент капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есеп тік нөмір беру үшін өзінің тұрғылықты мекенжайы (жеке тұлға үшін) не орналасқан (заңды тұлға үшін) жері бойынша орналасқан Ұлттық Банктің аумақтық филиалына өтініш жасайды.

Талапты басқаға беру немесе борышты аудару, өтеусіз беру, мұрагерлік, соттың шешімі нәтижесінде бейрезидентке талап қою құқығын қабылдаған не бейрезиденттің алдындағы борышты қабылдаған резидент осындай талап (борыш) туындаған күннен бастап, бірақ оның кез келген тарабының туындаған талабы (борышы) бойынша міндеттемелерді орындау басталғанға дейін 60 (алпыс) күнтізбелік күннен кешіктірмей капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беруге өтініш жасайды.

Соттың шешімімен немесе өзге жағдайларда резиденттен сатып алу, өтеусіз беру, мұрагерлік нәтижесінде бейрезидент-заңды тұлғаның шет елдегі жылжымайтын мүлкіне, капиталдағы үлесіне меншік құқығы өтетін резидент (резидент-жеке тұлғаларды қоспағанда) меншік құқығы өткен күннен бастап, бірақ осындай меншік құқығын иеліктен шығарғанға дейін 60 (алпыс) күнтізбелік күннен кешіктірмей капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір беруге өтініш жасайды.

Капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттың есептік нөмірін алу үшін осындай валюталық шартқа қатысушы-резидент Ұлттық Банкке мыналарды ұсынады:

1) валюталық шартқа есептік нөмір беруге өтініш, оның негізінде және (немесе) оны орындау үшін Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша капитал қозғалысының операциялары жүргізіледі;

2) жеке тұлғалар үшін – жеке басын куәландыратын, жеке сәйкестендіру нөмірін қамтитын құжаттың немесе Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығын растайтын құжаттың (шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар үшін) көшірмесі;

3) тігілген және жеке тұлғаның немесе заңды тұлға өкілінің қолымен расталған капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттың және капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарт бойынша міндеттемелерге қатысты оған өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың көшірмелері. Егер капитал қозғалысы бойынша валюталық шарт шет тілінде жасалған болса, онда оның қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылады.

Құжаттар электрондық тәсілмен ұсынылған кезде капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шарттың электрондық көшірмесі беріледі.

Ұлттық Банктің аумақтық филиалы резидент құжаттар мен мәліметтерді толық көлемде ұсынған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде капитал қозғалысы жөніндегі валюталық шартқа есептік нөмір береді және есептік нөмірлердің тізіліміне енгізіледі.

Жеке тұлға, банк, шетелдік ұйымның филиалы (өкілдігі) және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушысы ашқан шотты қоспағанда, шетелдік банкте банктік, аллокирленбеген шотты ашу шетелдік банктегі шот туралы хабарлауға жатады.

Резидент-заңды тұлға шетелдік банктегі өзі немесе оның филиалы (өкілдігі) ашқан шотқа есептік нөмір алу үшін өзі орналасқан жердегі Ұлттық Банктің аумақтық филиалына осы шотты пайдалана отырып операциялар жүргізгенге дейін өтініш жасайды.

Шетелдік банктегі шотқа есептік нөмір алу үшін резидент-заңды тұлға Ұлттық Банктің аумақтық филиалына:

1) Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес бизнес-сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, нысан бойынша шетелдік банктегі шотқа есептік нөмір беруге өтінішті;

2) шетелдік банктің шот ашу туралы шоттың деректемелері көрсетілген құжаттың көшірмесін ұсынады. Егер құжат шет тілінде жасалса, онда оның қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасы ұсынылады.

Шетелдік банктегі шотқа есептік нөмірді Ұлттық Банктің аумақтық филиалы резидент-заңды тұлға құжаттар мен мәліметтерді толық көлемде ұсынған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде береді және есептік нөмірлердің тізіліміне енгізеді.

 

ҚР Ұлттық Банкі

Жамбыл филиалының

Экономикалық талдау және

статистика бөлімінің

бас маман-экономисі

Нұрбаева Жәмиля