«СІЗДЕРДЕН ҰСЫНЫС КҮТЕМІН»

«СІЗДЕРДЕН ҰСЫНЫС КҮТЕМІН»
Жуалы ауданы әкімі Қаржауов Олжас Есалханұлы аудан жастарымен кездесті. Кездесуге ауданның белсенді жастары, кәсіпкер жастар, жұмысшы жастар,  жастар ісі жөніндегі инспекторлар, БАҚ өкілдері қатысты. Олжас Есалханұлымен кездескен жастар түрлі сұрақтарын қойды. Сауалдар негізінен жұмыссыздық мәселесі, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету, қолға алған істерінің дамуына жағдай туғызу, рухани, мәдени орындар мен қолжетімді спорт залдары төңірегінде болды. Аудан  басшысы жас ұрпақ өкілдеріне қатысты мәселелермен таныс екенін айтып, жауап берді. Кездесу барысында аудан әкімі жуалылық жастар облыс көлемінде белсенді екенін атап өтті. Сондықтан да, ел игілігі үшін еңбекті еселей түсу керектігін жеткізді. «Белсенді жастар өңіріміздің және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда, оларды қолдау бізге міндет.  Қазіргі таңда жастар үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан алға жылжып, тек биіктерді бағындырыңыздар. Мен сіздерге тек сәттілік тілеймін» – деді Олжас Есалханұлы. Кездесу соңында аудан басшысы жастар тарапынан ауданның дамуы мен көркеюіне ұсыныс күтетінін және игі бастамаларда бірге аянбай тер төгетіндігін жеткізді.