Тағдыр тауқыметін жеңген кейуана

Тағдыр тауқыметін жеңген кейуана

Шақпақаталық 88 жастағы Қасымова Сұлукүл анамыз тыл ардагері.

«…Қайран біздің шешелер, арды ойлаған,

Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.

Жігіттерден айырылып қалмай қараң,

Қырман басып, егін сап, арба айдаған…» деген Мұқағали ақынның осы өлеңінің кейіпкері Сұлукүлдей аналарымыз.

Ардагер 1932 жылы Түлкібас ауданы Жыланды ауылында өмірге келген. Кейуана әкесінен ерте айырылып, бала кезден қиындықты көп көреді. Жастайынан анасына еріп колхозда әртүрлі жұмыстарды істейді. Сөйтіп жүріп 7 кластық білім алады.

-Соғыс жылдары мен 10-13 жасар бала едім. Халық қатты қиналды. Жарын, баласын, әкесін, бауырын сағынған аналар, бала-шаға, қариялар.

Ауыл-ауылдағы ер азаматтардың барлығы майданда. Аналар мен балалар тылда ауыр жұмыста. Зарығып, шаршап, шалдығып бәріне шыдады.

Олардың басынан не өтпеді?! Жетімдікті де, жесірлікті де, жоқтықты да, аштықты да көрді. Бәріне төзді. Басқа амалы да жоқ.         Бала болып ойнаған жоқпыз, тойып тамақ ішпедік. Жартылай аш құрсақ болып анамызға ілесіп жұмысқа барамыз. Жегеніміз қара нан мен қара су. Онда да бар болса. Егін алқабында шамамыз жеткен жұмысты істейміз.

Ананың да, баланың да алдында бір-ақ мақсат. Ол – майдандағы ер азаматтарға демеу болып, ертерек жеңіске жетіп, елге оралуына үлес қосу.

Үй-үйге кезекпен қарақағаз келіп жататын. Жылау-сықтау, жұбату, күңіренген ел.

Е, балам, біз не көрмедік?! Соғыстың аты өшсін! Енді ешқашан соғыс болмасын. Алла тағала осы бақытты күнімізден мәңгілік айырмасын! Аналар мен балалар жыламасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!- дейді кейуана.

Сұлукүл Қалымбетқызы 16 жасында шақпақаталық Қасымов Қыдыралы деген азаматқа тұрмысқа шыққан. Жолдасы Қыдыралы 1925 жылы Амансай ауылында өмірге келген. Ол кісі де тыл ардагері. Соғыстан кейін колхозда зоотехник болып еңбек еткен.

Тұрмысқа шыққан соң Сұлукүл апа 36 жыл сауыншы болып еңбек еткен.

Тағдырдың жазмышымен күйеуінен 32 жасында жесір қалады. Жетімдікті, жоқтықты әбден көрген ана енді жесірлікті де көреді.

-Үш қыз, бір ұлмен қалдым. Балаларды үйге тастап жылап-еңіреп жұмысқа барамын. Ағайындарымыздың арасында Балакүл деген жалғызбасты бір апамыз бар еді. Ағайындар «Балаларыңа осы кісі қарап отырады» деп сол кісіні менің үйіме кіргізді. Ол кісіні мен енемдей көрдім. Енем екеуміз бір-бірімізді жұбатып жүріп, балаларды әйтеуір жеткіздім. Алланың арқасында қатарға қосылып, жетілдік. Жетімдік те, жесірлік те өте ауыр. Ондай қиын тағдырды дұшпаныма да тілемеймін.

Балам Абдуалы Кенжекүлге (келіні) үйленіп, ұлды-қызды болды.      Та ғ д ы рд ы ң ж а з м ы ш ы м е н ж а л ғ ы з ұлымнан да ерте айырылдым,- дейді Сұлукүл Қалымбетқызы.

Ардагер бүгінде ұлының шаңырағында келіні Кенжекүлмен, немере ұлы мен келінімен бірге тұрып жатыр.

Қыздары Қатира, Әтира, Гүлдана үшеуі де мұғалім болған. Қазір үшеуі де зейнет демалысында. Үш қыз бір ұлынан 23 немере, 20-ға жуық шөбере сүйіп отыр.

Сұлукүл Қалымбетқызы озат сауыншы болған. Кейуананың кеудесінде «Еңбек ардагері» және Ұлы Жеңістің мерейтойлық медальдары жарқырайды. Ананың жүзіндегі терең әжімдер ғұмырындағы қиындықтардың белгісіндей.

Біздің өзіне барғандағы мақсатымызды естіген ана балаша қуанды. Біз де тыл еңбеккерін мерекесімен құттықтап, апалық ақ батасын алып қайттық.