Зейнетақы калькуляторы

Зейнетақы калькуляторы

 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында инновациялық қызмет іске қосылған. Соның көмегімен әрбір салымшы өзінің дербес зейнетақы жоспарын Қордың enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» – «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде жүзеге асыра алады.

Қор сайтында екі зейнетақы калькуляторы орналастырылған.  Оның бірі – «Ағымдағы зейнетақы калькуляторы» деп аталады. Ол таяу жылдары зейнеткерлікке шығуға дайындалып жүрген азаматтарға арналған. Сол арқылы ай сайын берілетін зейнетақының болжамды мөлшерін анықтауға болады. Екіншісі – «Болжамдық зейнетақы калькуляторы». Сол арқылы зейнетке шығуға дайындалып жүрген азаматтар да, бүгінгі жас мамандар да болашақта алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептей алады. Сонымен қатар бұл калькуятор зейнетақының қандай төлемдерден құралатындығын, табыстылық пен инфляция өзгерген жағдайда оның болжамды көлемінің қандай болатындығын көрсетіп береді.

Болжамды калькуляторға болашақ зейнетақыны есептеу үшін: туған күні, жынысы, еңбек өтілі, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі, жинақтардың ағымдағы сомасы және айлық жалақы мөлшері секілді барлық қажетті деректерді енгізу қажет. Содан кейін «Есептеу» түймешігін басамыз.

Бір айта кететін жәйт, егер болжамды калькуляторды сайттың Жеке кабинеті арқылы ашатын болсаңыз, онда нысандар автоматты түрде толтырылады. Сөйтіп «Есептеу» түймешігін басу арқылы анағұрлым дәл көрсеткіштерге қол жеткізуге болады.

Егер сіз Жеке кабинетте тіркелмеген болсаңыз, болашақ зейнетақыны ағымдағы калькулятор арқылы есептеу барысында оған зейнетақы жинақтарыңыздың ағымдағы сомасын енгізу қажет. Бұл ақпаратты: БЖЗҚ сайты, Қордың ұялы қосымшасы, электрондық үкімет порталы және электрондық пошта секілді бірнеше тәсілмен тегін алуға болады. Сондай-ақ салымшы Қордың кез келген бөлімшесіне жүгіне алады. Бұл ретте жеке басты куәландыратын құжат немесе электрондық цифрлық қолтаңбасының (ЭЦҚ) өзекті кілті болуы керек.

Болжамды калькулятор болашақ зейнетақыны «Пессимистік», «Реалистік» және «Оптимистік» деп аталатын үш сценарий бойынша есептейді. Әрбір сценарийде жинақтардың инфляциямен салыстырғандағы табыстылық деңгейі көрсетіледі.

«БЖЗҚ» АҚ облыстық (қалалық) филиалының директоры …………………………..  түсіндіргеніндей, – «Есептеу барысында калькулятор салымшының тек жеке жинақтарын ғана емес, басқа да деректерді қолданады. Өйткені зейнетақы калькуляторының міндеті – болашақ жиынтық зейнетақының мөлшерін есептеу.

Сонымен жиынтық зейнетақы бірнеше төлемнен: мемлекеттік бюджеттен төленетін ортақ және базалық зейнетақыдан және Қордан берілетін зейнетақы төлемінен құралады. Ортақ зейнетақыны 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар азаматтар алуға құқылы. Базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне тәуелді. Ал БЖЗҚ-дан берілетін төлемдер салымшының зейнетақы жинақтары есебінен қалыптасады.

Ерікті зейнетақы жарналарын аударатындардың жиынтық зейнетақысы осы жарналардың есебінен елеулі түрде ұлғаятындығын айта кеткен жөн.

Зейнетақы калькуляторы жинақтарыңыздың қанша жылға жететіндігін, құрметті демалысқа шығар алдында шамамен қанша мөлшерде жалақы алатыныңызды есептейді, әрі жалақыны жиынтық зейнетақымен ауыстыру коэффициентін көрсетеді».

Таяуда enpf.kz сайтының «Зейнетақы калькуляторы» бөлімінде «Жинақтарды өмірді сақтандыру бойынша компанияға аудару» деп аталатын жаңа қызмет іске қосылды. Сол арқылы өмірді сақтандыру бойынша компаниямен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін шоттағы зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті сомасын есептеуге болады. Бұл калькулятор ең төменгі зейнетақы мөлшерін ескере отырып, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін зейнетақы жинақтарының сомасы қандай болу керектігін есептейді. Сіз тиісті бағанда жынысыңызға қатысты мәліметті белгілеген соң, шарт жасасуға қажетті жас мөлшері автоматты түрде көрсетіледі. Ол ерлер үшін – 55 жас, әйелдер үшін биыл – 51 жас.

Одан әрі кепілді мерзімді белгілейсіз. Бұл осы мерзім ішінде сақтандыру компаниясынан төлемдерді тұрақты алып тұруға ниет білдіргеніңізді білдіреді. Әрі қарай калькулятор ағымдағы жыл бойынша ең төменгі зейнетақы мөлшерін ескере отырып, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін зейнетақы жинақтарының сомасы қандай болу керектігін есептейді. Қазіргі уақытта зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін әйелдердің шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы кемінде 13 млн 580 мың теңге, ал ерлерде кемінде 9 млн 710 мың теңге болуы керек. Бұл әрине, ағымдағы күнтізбелік жылға арналған болжамды сома. Ал нақты соманы сақтандыру ұйымынан білуге болады.

Айтпақшы, есептеу барысында сайтта сақтандыру ұйымдарының іс жүргізуге қатысты шығындары есепке алынбайды. Бұл шығындардың көлемі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2015 жылғы 20 қазандағы №194 қаулысына сәйкес сақтандыру сыйақысы мен әрбір сақтандыру төлемінің 0 пайызынан 3 пайызына дейін құрауы мүмкін.

Егер барлық есептеулерден кейін, болашақ зейнетақы мөлшері күтілген сомадан аз болып шықса, оны ерікті зейнетақы жарналарын аудару арқылы ұлғайтуға болады. Қазір Қорда ерікті зейнетақы жарналары есебінен шамамен 50 мың шот ашылған. Зейнетақыны жоспарлау деген осы. Құрметті демалыста лайықты өмір сүргісі келетін әрбір адам, зейнет жасына дейін қанша ақша жинау керектігін осы бастан білуі қажет.

Қор өз кезегінде болашақ зейнетақыны қалыптастыру жолында әрбір салымшыға дербес кеңесші болуға тырысады және бұл үшін барлық мүмкіндіктерді ұсынады.

«Зейнетақы калькуляторы» қызметімен «БЖЗҚ» АҚ сайтында мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcs.php