Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков аудандағы бірқатар ауылдық округтерге шығып, тұрғындардың ахуалымен және әлеуметтік-саяси ахуалмен де кеңінен танысты.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков аудандағы бірқатар ауылдық округтерге шығып, тұрғындардың ахуалымен және әлеуметтік-саяси ахуалмен де кеңінен танысты. Ондағы мақсат – карантин шараларының сақталуы және алдағы жылы қаңтар айының 10-шы жұлдызында өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына дайындық барысымен танысу.
Атап айтқанда, аудан басшысы Мыңбұлақ, Ақсай, Шақпақ, Нұрлыкент, Көкбастау ауылдық округтеріне барып, ондағы ардагерлер кеңесінің өкілдерімен, сонымен қатар, ауылдың белсенді азаматтарымен кездесіп, жалпы 2020 жылдың қорытындысы туралы әңгімеледі.
Нарбай Әбілқасымұлы өз сөзінде пандемияға қарамастан аудан көлемінде тұрғындардың игілігі үшін инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру аясында жұмыстардың атқарылғанын, осының нәтижесінде орталықтан шалғайда орналасқан ауылдарға ауызсу мен табиғи газдың жеткізіліп отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, биыл елде қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан жуалылық ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері мол өнімге қол жеткізгенін ерекше атап өтті. Аудан басшысы Н.Ергебеков ауданның жыл аясындағы толағай табысында, жылды жоғары нәтижелермен қорытындылау ісінде аудан тұрғындарының барлығының үлесі бар екенін қуанышпен атап өтті.
Ауылдық округтерде өткен барлық кездесулер барысында негізінен жыл қорытындысына арналған жиындар өтіп, аудан басшысы Н.Ергебеков ауыл тұрғындарын алдағы саяси науқан – Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына белсенді қатысуға шақырды. Сондай-ақ, ауылдық округтердің тұрғындарына мереке кезінде карантин талаптарын барынша сақтау қажеттігі де ескертілді.