Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Жұрымбай ауылының тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізді.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Жұрымбай ауылының тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізді. Ағымдағы жылы аталған ауылда ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Құрылысты «Байсын-А» ЖШС жүргізді.
Ауызсу құрылысының ашылу салтанатына арналған қуанышқа округтің ардагерлерімен қатар, ауыл тұрғындары шақырылды.
Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Нарбай Ергековке берілді. Нарбай Әбілқасымұлы өз сөзінде Жұрымбай ауылының тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен, мереке қарсаңында елдімекенге ауызсудың келуімен құттықтады.
-Биыл ауданда «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында қыруар жұмыстар атқарылды. Оның ішінде ауызсу құбыры тартылмаған шалғай ауылдарға жаңадан құбырлар тартылды. Міне, Сиыр жылының қарсаңында Жұрымбай ауылына сапалы таза ауызсу беріліп отыр. Жалпы аудан көлемінде таяу жылдары 870 аула жаңа ауызсу жүйесіне қосылатын болса, оның ішінде 86 аула осы Жұрымбай ауылында орналасқан. Жыл санап аудан көлемінде елдімекендерді ауызсумен қамту үлесі артып келеді. Келесі жылы қосымша бес елдімекен таза ауызсу құбырына қосылатын болады.
Сонымен қатар, табиғи газ жеткізілмеген елдімекендерге көгілдір отын жеткізу мәселесі де күн тәрбінде тұр. Биыл сегіз елдімекенге магистральды газ құбыры тартылса, 2021 жылы жеті елдімекенге газ құбыры тартылмақшы. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдету мақсатында басқа да жұмыстар атқарылып жатыр. Оған өздеріңіз куәсіздер.
Құрметті ауыл тұрғындары, сіздерді ауылдарыңызға таза ауызсудың келуімен құттықтаймын. Ауызсу құбыры тұрғындарға ұзақ уақыт әрі сапалы қызмет көрсетсін. Қуаныштарыңыз құтты болсын,- деді аудан басшысы.
Ауыл тұрғындары атынан қоғамдастықтың мүшесі, ауылдың белсенді ақсақалы Жоламан Елеусінов сөйлеп, тұрғындар атынан аудан басшыларына, сонымен қатар, құрылысты жүргізген мердігер мекеменің басшылығына алғысын жеткізіп, аталық ақ батасын берді. Ал құрылысты жүргізген мердігер мекеме «Байсын-А» ЖШС-ның прорабы Мұхит Құсанұлы құрылысты жүргізу барысында 16 шақырым құбыр тартылғанын, сондай-ақ ауызсудың 126 метр тереңдіктен шығарылғанын айтты.
Құрылыстың лентасын аудан әкімі Н.Ергебеков және ауыл ақсақалы Ж.Елеусінов салтанатты жағдайда қиған соң, тәттіден шашу шашылды. Қуанышқа жиналған жұртшылық сусорғы стансаның жұмысын көрді. Сонымен қатар, аудан басшысы ауыл тұрғыны Нұрғали Қадіровтың шаңырағына барып, ауызсудан дәм татты.